National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады

2020 жылғы 26 қазан

Президентке санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан шаралар және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері  туралы баяндалды.

Асқар Мамин Президентке еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың бақылауда екенін жеткізді. Сондай-ақ коронавирус індетінің жаңа толқынына дайындық жұмыстары аясында жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда медициналық ұйымдар мен халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, емдеу нысандарына жасанды тыныс беру аппараттары мен оттегі концентраттарын жеткізу, аймақтарды жылжымалы диагностикалық кешендермен, цифрлық рентген-аппараттармен, мобильді топтармен және жедел медициналық көмек көрсету көліктерімен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 13 аймақтың 10-ында модульдік жұқпалы ауруханалардың құрылысы аяқталған, қалған 3 нысан осы жылдың қараша айының соңына дейін пайдалануға беріледі.

Мемлекет басшысына республикалық және аймақтық тұрақтандыру қорларының құрылғаны және денсаулық сақтау жүйесіне арналған 91 түрлі дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қоры жасақталғаны туралы айтылды. Дәрі-дәрмектердің тапшылығын болдырмау үшін дәріханалардың бөлшек сауда жүйесінде сұранысқа ие 33-тен астам препарат қоры қосымша жасақталуда. 

Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа ПТР тест сынамаларын алу көлемін арттыру жұмыстары туралы да мәлімет берді. Оның айтуынша, зертханалар саны 124-ке дейін көбейіп, тестілеу қуаты тәулігіне 66 мыңға дейін жетті. Бұл ретте, тұрғындарды тест сынамаларымен қамту 2,5 есе ұлғайтылып, ПТР тест сынамаларын алу құны төмендетілді.

Бұдан бөлек, Асқар Мамин Президентке шекаралық өткізу бекеттерінде, сондай-ақ, көліктің барлық түрлері мен инфрақұрылымдарында санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың күшейтілгені туралы баяндады. Сонымен қатар өңірлердегі бизнес субъектілерінің жұмысы біртіндеп қайта қалпына келтірілуде. Осы ретте, аймақта вирус жұқтыру өсімінің тіркелмеуі, тұрақты эпидемиологиялық ахуалдың «жасыл» деңгейде болуы ескеріледі.

Премьер-Министр Мемлекет басшысына кәсіпкерлерді қолдау, шетелден инвестиция тарту, жұмыспен қамту ісін дамыту және елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өркендетудің басқа да өзекті мәселелері жөнінде қабылданған шаралар туралы баяндады.

Президент коронавирус пандемиясының алдағы айлардағы таралуына қатысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пессимистік болжамдарын ескеріп, Үкімет белгілеген жоспардың мүлтіксіз орындалуының маңызды екенін атап өтті. Карантинді күшейту жөніндегі қатаң шараларды кәсіпкерлердің мүдделерін және жалпы еліміздің экономикалық дамуын ескере отырып қабылдаған жөн.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің