National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Елбасы шетелдік елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

2014 жылғы 10 желтоқсан

 

Қазақстан Президентіне Төтенше және Өкілетті елшілер: Италия Республикасынан – Стефано Раваньян, Швеция Корольдігінен – Кристиан Камилл, Чех Республикасынан – Элишка Жигова, Литва Республикасынан – Витаутас Наудужас, Египет Араб Республикасынан – Хайсам Салах Камел Ибрахим, Үндістаннан – Харш Кумар Джайн, Македония Республикасынан – Илья Псалтиров, Қытай Халық Республикасынан Чжан Ханьхуэй сенім грамотасын тапсырды.

Рәсімге қатысушыларды дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтаған Мемлекет басшысы бүгінгі кездесу маңызды күннің – Тәуелсіздіктің 23 жылдығының қарсаңында өтіп отырғанына назар аударды.  

– Біз осы қысқа мерзімде мемлекеттілігіміздің берік негізін қаладық. Заманауи экономика, орнықты саяси жүйе және салиқалы азаматтық қоғам қалыптастырдық. Ішкі тұрақтылықты, қоғамдық келісімді қарқынды экономикалық өсім арқылы қамтамасыз еттік. Сыртқы саяси ұстанымның айқындығы еліміздің халықаралық беделін көтерді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті елдің «Қазақстан – 2050» ұзақмерзімді стратегиясы шетелдік серіктестермен де тиімді ынтымақтастықты қарастыратынын айтты.

– Ең алдымен инвестициялық байланыс, технологиялар алмасу салаларына мән беріледі. Инновациялар мен озық тәжірибені импорттау, елдің өнім экспортын ұлғайту мәселелері назарда болады. Мен Сіздердің қызметтеріңіз екіжақты байланыстардың әлеуетін барынша арттырады деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы етек алып келе жатқан жергілікті және өңірлік қақтығыстардың, халықаралық терроризм мен экстремизмнің алдын алу үшін  

бүкіл мемлекеттердің күш біріктіруі қажеттігін атап көрсетті.

– Біз стратегиялық тұрақтылық пен орнықты дамуға қол жеткізу жолдарын бірлесе іздеуге ниеттіміз. Еліміз ядролық қаруды таратпау режимін нығайту жолындағы жаһандық қозғалыстың көш басында келеді, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы республикамыз халықаралық істерге бұрынғыдан да белсенді қатысуға ниетті екенін айтты.

– Біз Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім жобасы бойынша Еуропалық одақпен келіссөзді аяқтадық. Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудің соңғы сатысында тұрмыз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттарын да белсенді түрде енгізіп жатырмыз. Біз Еуразиялық экономикалық одақтың біріккен нарығының бір бөлігі болып саналамыз. Сол себепті, бұл одаққа мүше елдер мен өзге сауда серіктестері  арасында «дәнекер» болуға әзірміз, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасы достық қатынасты жоғары бағалайтын сенімді стратегиялық серіктесіміз екенін атап өтті.

– Біз дәстүрлі тату көршілікті, өзара сенімді нығайтып, жан-жақты серіктестікті кеңейте беруге ниеттіміз. Бұл орайда, ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Ли Кэцянның елімізге алдағы сапарының мәні зор, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Үндістанмен арадағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін айтты.

– Біз екіжақты ынтымақтастықты стратегиялық серіктестік деңгейіне шығару үшін зор серпіліс жасадық. Келер жылға жоспарланған Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Модидің Қазақстанға сапарына баса мән береміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті еліміз Египетпен ықпалдастықты жандандыруды көздейтініне тоқталды.  

– Каирдің Кедендік одақ елдерімен еркін сауда аймағына кіру ниетін құптаймыз. Бұл қадам сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға серпін беретініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Италияның Қазақстан үшін жетекші сауда-экономикалық серіктес әрі ірі инвестор екеніне тоқталды.

– Екіжақты іс-қимылға 2009 жылы қол қойылған Қазақстан мен Италия арасындағы стратегиялық серіктестік туралы шарт ерекше сипат береді. Менің Премьер-министр Маттео Ренцимен  келіссөздерім  барысында маңызды уағдаластыққа қол жетті. Индустриялық-инновациялық даму жөніндегі бағдарламамызға италиялық  компаниялар қатысатын болды, – деді  Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті еліміздің Чех Республикасымен екі жақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін айтты.

– Президент Милош Земанның елімізге таяудағы ресми сапарының қорытындысын жоғары бағалаймыз. Астанадағы келіссөздер қазақ-чех ынтымақтастығы дамуының әлеуеті зор екенін көрсетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Литва Республикасын көп жылғы дәстүрлі достық қатынас пен ынтымақтастық байланыстыратынын атап өтті.

– Литвалық серіктестерімізбен «ОБСЕ үштігі» аясында қызу жұмыс жүргіздік. Елдеріміз арасындағы сындарлы және сенім сипатындағы саяси диалогты құрметтейміз. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы байланысты кеңейтуді көздейміз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев біздің ел Швециямен ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән беретініне назар аударды.  

– Екіжақты байланысты жоғары деңгейде жандандыру, экономикалық ынтымақтастыққа серпін беру маңызды. Биылғы қазан айында Швед-Қазақстан Іскерлік кеңесінің құрылғанын қуана құптаймыз. Бұл құрылым екі елдің бизнесі арасында байланыс орнатуға ықпал етеді деп үміттенеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Македониямен дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына алдағы жылы 20 жыл толатынын айтты.

– Түрлі салаларда ынтымақтастық орнатуға, бірлескен іскерлік жобаларды жүзеге асыруға әзірміз. Македония Үкіметіне өз университеттерінде оқитын қазақстандықтарға стипендия бөлгені үшін ризашылық білдіремін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы елшілер біздің елдегі қызметтеріне күрделі әрі қызықты кезеңде кірісіп отырғанына тоқталды.

– Жаһандық қарым-қатынастар құрылымының бұзылуы бір жағынан жаңа сын-қатерлер тудыруда. Олардың әрқайсысы да қалыптан тыс әрекетті талап етеді. Саяси және экономикалық кеңістіктің бірігуі мен бөлшектенуінің қарама-қайшы үрдістері бір-біріне ықпал етуде. Екінші жағынан, біз үшін ашықтық пен барлық мүдделі тараптардың пікірін ескеруге негізделген жаңа жаһандық үлгіге өту мүмкіндігі туады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыруға кіріскенін айтты.

– Ол сыртқы экономикалық өзгерістерге ерте бастан белсенді қарекет қылу шарасы болып саналады. Оның мазмұны инфрақұрылымның энергетика және көліктен бастап әлеуметтік салаға дейінгі әралуан түрлерін дамытумен байланысты. Бұл Қазақстанның даму қарқынын сақтауға және күшейтуге, сол арқылы бүкіл өңірдің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді деп есептейміз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы айтып өткеніндей, Қазақстан ежелден Жібек жолының маңызды бөлігі болды және енді сол бағытты қалпына келтіріп, тиімді пайдалану үшін көлік мүмкіндіктерін дамытуға ниеттеніп отыр.

– Бұл бағдарлама Еуропа мен Азияны жалғап жатқан ұланғайыр кеңістікте іскерлік және гуманитарлық байланыстардың кең ауқымды арнасын құратын болады. Бұл – біздің елдерімізді өркендетудің кепілі болып саналатын серіктестікті күшейтудің жаңа мүмкіндіктері, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті дипломаттарды жауапты миссияларының басталуымен тағы да құттықтап, оларға денсаулық пен табыс тіледі.

 

***

БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Италияның Төтенше және өкілетті елшісі Стефано Раваньян  Миланда өтетін ЭКСПО-2015 көрмесіндегі ең үздік павильонның бірі Қазақстандыкі екеніне тоқталды.

– Бұл түрлі елдер өкілдері кездесетін жақсы орын болады. Біз өзіміздің көрме өткізу тәжірибемізді ортаға салуға әзірміз және ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысамыз деген үміттеміз. Сондай-ақ біздің мәдени байланыстарымызды және Қазақстан мен Италия ЖОО арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажет деп санаймыз, – деді С.Раваньян.

Швецияның Төтенше және өкілетті елшісі Кристиан Камилл өз кезегінде дипломатиялық қатынастар орнатылған 1992 жылдан бері екі елдің арасындағы ынтымақтастық өзара сенім және қолдау сипатында жүзеге асып келе жатқанына назар аударды.

– Қарым-қатынастар соңғы жылдары көптеген бағыт бойынша, әсіресе халықаралық сауда саласында едәуір ұлғайды. Қазақстан швециялық компаниялар үшін басымдығы бар 20 нарықтың бірі болып саналады. «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатында қарастырылған ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік инвестицияларды ескере отырып, мен швед кәсіпорындарының теміржол және басқа да инфрақұрылымдық салаларда, сондай-ақ денсаулық сақтау мен биоөнеркәсіпте ықпалдасуға әзір екендігін айтқым келеді, – деді К.Камилл.

Чехияның Төтенше және өкілетті елшісі Элишка Жигова Президент М.Земанның таяуда Астанаға келген сапарындағы келіссөздер жемісті болғанына тоқталды.

– Чех Республикасы үшін Қазақстан басымдығы бар елдердің бірі саналады. Бізде сіздің елге деген зор саяси және экономикалық қызығушылық бар. Алда өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне біз де қатысуға ниеттіміз. Біздің қарым-қатынастарымыз дами береді деп үміттенемін. Барлық мәселелерді бірлесіп шешу үшін Еуропа мен Орталық Азияның арасындағы  байланыстарды нығайту керек, – деді Э.Жигова.

Литваның Төтенше және өкілетті елшісі Витаутас Наудужас Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы табыстары мен жаңа елорданың құрылысына айрықша тоқталды.

– Астана қазір жаһандық оқиғалардың ортасында тұр. Біз Қазақстанмен ынтымақтастықты бұдан әрі жалғастыруға ниеттіміз. Сіздің ел жаңа Жібек жолы жобасын жүзеге асыру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, «Нұрлы жол» бағдарламасында инфрақұрылымдық нысандарға баса мән беріліп отыр. Біз бұл орайда бірқатар жобаларды жүзеге асыруға қатысатын боламыз. Сондай-ақ Литва Қазақстанмен құрылыс, көлік және басқа да салаларда тығыз ынтымақтасып отыр, – деді В.Наудужас.

Египеттің Төтенше және өкілетті елшісі Хайсам Салах Камел Ибрахим Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынас келешекте жаңа деңгейге көтеріледі деп үміттенетінін жеткізді. Атап айтқанда, қазақстандық делегациялар алдағы 2015 жылы Египетте болып, әріптестерімен бірқатар кездесулер өткізеді және екі ел арасындағы серіктестік пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңызды мәселелерін талқылайды.

Үндістанның Төтенше және өкілетті елшісі Харш Кумар Джайн екі елдің арасындағы өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейіне тоқталып өтті.

– Біздің елдерімізді өзара құрмет пен ортақ түсіністікке негізделген терең тарихи байланыстар біріктіреді. Қазақстан мен Үндістан – халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге көзқарасы ұқсас, көпұлтты, алуан дінді және зайырлы мемлекеттер. Екі ел де әлемдегі жедел дамып келе жатқан экономикасы бар елдер болып саналады. Қазақстан – біздің Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесіміз, Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржол қатынасы сауда-экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Х.Джайн.

Македонияның Төтенше және өкілетті елшісі Илья Псалтиров өз елінің Қазақстандағы елшілігінің ашылуы екі ел арасындағы 20 жылдық дипломатиялық ынтымақтастықтың нәтижесі және тығыз байланыстар орнатуға әзірліктің айғағы екенін айтты. Ол сондай-ақ екі елдің саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту жолында жұмыс жүргізу ниетін жеткізді.

Қытайдың Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэй Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың дамуы қарқын алып келе жатқанын атап өтті.

– Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар жоғары және биік деңгейде қарыштап дамып келеді, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өңіраралық ынтымақтастық аясы кеңеюде. Президент Н.Назарбаевтың ҚХР-ға таяуда жасаған сапарын атап айтқым келеді, оның барысында бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бірлескен күш-жігер арқасында біз Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын сапалы жаңа деңгейге шығара аламыз деп ойлаймын, – деді Ч.Ханьхуэй.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің