National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Елбасы бірқатар елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

2014 жылғы 12 тамыз

 

Қазақстан Президентіне Төтенше және өкілетті елшілер – Малайзиядан Хидайат Абдул Хамид, Эстония Республикасынан Яан Рейнхольд, Ливиядан Салим Абдурахман әл-Суейти, Иран Ислам Республикасынан Можтаба Дамирчилу, Тәжікстаннан Назирмад Ализода, Канададан Шон Стайл – сенім грамоталарын тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев  елшілерді біздің елдегі дипломатиялық қызметтерінің басталуымен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Мемлекет басшысы Қазақстан Тәжікстанды Орталық Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.

- Тәжік экономикасына салынған қазақстандық инвестициялар бүгінде 125 миллион доллардан асты.  Бұл елде казақ капиталының қатысуымен 40 шақты кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Соған қарамастан, өзара сауда көлемін ұлғайтып, ынтымақтастық аясын кеңейтуге күш салу қажет. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс, жеңіл және тамақ өнеркәсібіндегі екіжақты жобаларды іске асыруға мүдделіміз, - деді Қазақстан Президенті.  

Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміздің Иранмен саяси-экономикалық байланыстары жылдан жылға нығайып келе жатқандығына тоқталды.

- Биыл іске қосу жоспарланған Қазақстан-Түрікменстан-Иран жаңа теміржолы соның айғағы. Бұл бағыт жалпы өңірдегі сауда-экономикалық ынтымақтастыққа серпін береді. Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі ахуалды тездетіп реттеу өңірдегі тыныштық пен ынтымақтастық үшін аса маңызды. Біз арағайын «алтылық» пен Иран арасындағы келіссөздердің екі раундын Алматыда өткізу арқылы бұл үдеріске өз үлесімізді қостық. Баршаны  қанағаттандыратын ұзақмерзімді келісімге таяу уақытта қол жеткізіледі деп үміттенеміз. Біз келесі айда Президент Хасан Руханидың Қазақстанға тұңғыш ресми сапарын күтіп отырмыз. Бұл сапар  екіжақты байланыстарды жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, - деді Мемлекет басшысы.  

Президент Қазақстан мен Малайзия қарым-қатынастары қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.

- Бұл ел біздің Оңтүстік-Шығыс Азия ғана емес, бүкіл мұсылман әлеміндегі сенімді саяси және сауда серіктесіміз. Премьер-министр Наджиб Разактың таяуда өткен ресми сапары экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейте түсті. Осы сапардың нәтижесінде  жалпы құны 1 миллиард доллардан асатын келісімшарттары жасалды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Канадамен жан-жақты ынтымақтастық дамыту Қазақстан үшін маңызды екенін айтты.

- Біздің елде канадалық капиталдың қатысы бар 170 компания және 40 шақты компанияның өкілдігі тіркелген. Олар тау-кен өндіру өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, құрылыс және білім саласында жұмыс істейді. Біз атом өнеркәсібі саласында да бірлескен жобаларды іске асыруға ынталымыз, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Эстонияны Қазақстанның Балтық өңіріндегі маңызды саяси және экономикалық серіктесі ретінде атады.

- Біздің елдеріміз арадағы осы ынтымақтастықты бұдан әрі де нығайта түсуі тиіс. Бұған қажетті әлеуетті экология, энергетика, жоғары технологиялар мен көлік транзиті салаларынан табуға болады, - деді Мемлекет басшысы.  

Қазақстан Президенті араб әлеміндегі перспективалы серіктес ретінде қарастырылып отырған Ливиямен тығыз ынтымақтастық орнатуға ниетті екенімізді айтты.  

- Қазақстан мен Ливияның мұнай-газ, өнеркәсіп, энергетика және ауыл шаруашылығында ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері зор. Біз Ливиядағы ішкі саяси ахуалдың тезірек қалыпқа келіп, жағдайдың бейбіт реттелгенін қалаймыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Мемлекет басшысы дипломаттардың жаңа қызметтеріндегі белсенді жұмыстары өзара тиімді жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

- Қазақстан өз тарихының жаңа парағын ашты. Біз ХХІ ғасырдың бірінші жартысында әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруді көздеп отырмыз және бұған қажетті барлық шараны қабылдаймыз. Бұл мақсатқа жету үшін қажетті басты бағдар мен нақты міндеттер «Қазақстан-2050» Стратегиясында айқындалды. Ол біздің еліміздің барлық сыртқы саяси серіктестерімен өзара тиімді байланыстарды нығайтуға бағытталған, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев республика экономикасының қарқынды өсуі, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығын әзірлеу бұдан да тиімді серіктестікке іргетас болатынын айтты.   

- Қазақстан экономикадағы жағдайды ұдайы жақсарту арқылы шетелдік серіктестерге кең ауқымды мүмкіндіктер ашуда. Жақсы макроэкономикалық көрсеткіштер, 100 миллиард доллардан асатын халықаралық резервтер, заңдарымыздың тұрақтылығы, ел ішіндегі саяси орнықтылық сенімді жұмыс істеуге негіз қалайды. Сол үшін біз ықшам Үкімет жасақтап, басқару тиімділігі мен бизнес-ортаны жақсартудамыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы біздің еліміз шетелдік инвесторларға бірегей мүмкіндіктер ұсынатынын айтты.

- Бұл – салық мөлшерінің төмендігі, жеңілдіктер, инвесторлар мен мемлекет қарым-қатынасының тұрақтылығы. Қазақстанда мейлінше жоғары инвестициялық белсенділік танытқан 10 елдің азаматтарына визасыз режим орнатылды. Келешекте бұл тізім кеңейе беретін болады, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев біздің республикамыз энергияның балама көздерін табуға және «жасыл технологияларды» дамытуға баса көңіл бөліп отырғанын айтты. 2017 жылы Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбына арналған халықаралық мамандандырылған ЭКСПО көрмесі өтетінін еске салды және оның дайындығы мен жұмысына белсене қатысуға шақырды.

Қазақстан Президенті әлемде үлкен алаңдаушылық туғызып отырған қақтығыс ошақтары көбейгеніне назар аударды.

- Украинадағы қақтығыс, Таяу Шығыстағы және өзге өңірлердегі ахуалдың тұрақсыздануы – бұл экономикалық және қаржылық салалардың шегінен асқан жаһандық дағдарыстың салдары. Осындай қиын уақытта қақтығыстардың бұдан әрі ушығуына және санкция алмасудың қатаңдануына жол бермеу маңызды. Бұл – тығырыққа тірейтін жол. Бірден бір балама – келіссөздер жүргізу, барлық күрделі мәселелердің түйткілін табу. Қазақстан осы жолды ұстанады және өз мүмкіндіктеріне қарай жағдайға ықпал етуге тырысуда. Ең бастысы – келіспеушілікті болдырмаудың бейбіт жолын іздеуді тоқтатпау, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы біздің еліміз өңірлік және жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелерді шешуге белсенді қатысуды көздейтінін атап өтті.

- Осыған байланысты Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі мәртебесін алуға өтінім берді. Біздің бастамамызды сіздердің елдеріңіз қолдайды деп үміттенеміз, - деді Қазақстан Президент.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев елшілерге Астанадағы дипломатиялық қызметтерінің жемісті әрі мазмұнды болуын тіледі.

***

БАҚ өкілдерімен өткен брифинг барысында Малайзияның Төтенше және өкілетті елшісі  Хидайат Абдул Хамид өзара іс-қимылдың жоғары деңгейі қалыптасып отырғанына қанағаттанатынын білдірді.

- Малайзия Премьер-Министрі Наджиб Разактың таяудағы сапары қарым-қатынастарымызды әлдеқайда жоғары деңгейге шығаруға септігін тигізді. Малайзия Қазақстанмен ислам банкингі және қаржы, мұнай мен газ, мұнай-химия инфрақұрылымы секілді салаларда ықыласпен ынтымақтасады. Мен сондай-ақ біздің азаматтарымыз үшін Қазақстанның визасыз режим енгізу секілді басымдық беріп отырғанына қуаныштымын, - деді Малайзия елшісі.

Эстония Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Яан Рейнхольд екі елдің ынтымақтастығы Қазақстан Президентінің Таллинге 2011 жылғы сапарынан кейін айтарлықтай ілгерілегенін айтты.  

- Содан кейін екіжақты тауар айналымы мен өзара инвестициялар көлемі  ұлғайды. Эстония Қазақстанға көп нәрсе, соның ішінде Балтық теңізіндегі дамыған инфрақұрылымы бар, тарифтері төмен порттарын ұсына алады. Сонымен қатар, біздің еліміз ақпараттық технологиялар саласындағы жетекшілердің бірі саналады. Эстония үшін Қазақстанның жаңа технологиялар, инновациялар, «жасыл технологиялар» саласындағы бастамалары маңызды. Осы орайда алдағы ЭКСПО-2017 көрмесі ынтымақтастықты дамыту үшін жақсы себеп болады, - деді  Я.Рейнхольд.

Өз кезегінде Ливияның Төтенше және өкілетті елшісі Салим Абдурахман әл-Суейти бірқатар бағыттар бойынша, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында екіжақты қатынастарды жолға қоюға күш салатынын айтты.

Иран Ислам Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Можтаба Дамирчилу екіжақты байланыстардың дамып келе жатқанына тоқталды. Ол бизнес өкілдері түрлі салалардағы бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыруға қатысып жатқанын айтты. Сонымен қатар, екіжақты қатынастар бүгінде ынтымақтастықтың өзге де маңызды бағыттарын, сондай-ақ өңірлік және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдарды қамтып отыр.  

- Қазақстан – Иранның сыртқы саясатында айрықша орын алады. Ынтымақтастықты дамыту мәселелері ел басшылығы үшін басым мәнге ие. Бұл орайда Президент Хасан Руханидың өңірге және Қазақстанға тұңғыш сапары осы қарым-қатынастардың маңыздылығын айғақтайды, - деді М.Дамирчилу.

Тәжікстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Назирмад Ализода екі елдің арасындағы қарым-қатынастарды дамыту және тереңдету мәселелері тәжік елі сыртқы саясатының Орталық Азия бағдарындағы басымдыққа ие бағыты болып саналатынын атап өтті.

- Біздің  республикамыз Қазақстанмен қарым-қатынасын дипломатиялық байланыс орнатқан сәттен бастап ілгерілеуге негіздеп құрды. Қазақстанмен ынтымақтастықты дамыту мәселелері оны сапалы деңгейге көтеруге мүдделі ел басшылығының айрықша назарында тұр, - деді Н.Ализода.

Канаданың Төтенше және өкілетті елшісі Шон Стайл екі елдің арасындағы өзара тиімді қатынастарды бұдан әрі дамытуға ықпал етуге дайын екендігін айтты.

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің