Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммитіне дайындық барысы жөнінде есеп берілді. Қазақстан Президенті саммитті өткізуге тыңғылықты дайындалу қажеттігін айтты. – Ақтауда бес елдің делегациялары қатысатын Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммитін өткізу жоспарлануда. Осы кездесуге қатысты барлық ұйымдастыру мәселелерін пысықтау керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар Ералы Тоғжанов өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы және инвестиция тарту салаларындағы мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын баяндады. – Негізгі экономикалық көрсеткіштердің өсімі байқалып отыр. Сіздің қойған міндеттеріңіздің бәрі іске асырылуда. 2017 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі өндірістің көлемі 100,1 пайызға жетті, – деді Маңғыстау облысының әкімі. Кездесу соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.