Әңгіме барысында тараптар Қазақстандағы уран өндіру саласының даму перспективасын талқылады. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Т.Гитцельдің Кеңес жұмысына қатысатынына ризашылығын білдірді. – «Камеко» компаниясының Қазақстандағы қызметінің тарихы қалыптасып келеді. Компания 1996 жылдан бастап Инкай кенішінде жұмыс істей бастады. Осы уақыт аралығында ол табысты жобалардың біріне айналды. Сондықтан біз Сізбен бейбіт мақсаттағы атомды игеру саласындағы ынтымақтастықты жалғастырғымыз келеді. Осыған байланысты келісімге қол қою біздің елге және сіздің корпорацияға пайдалы болады деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Т.Гитцель өз кезегінде «Камеко» және «Казатомөнеркәсіп» компаниялары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.