Елбасы халықаралық байқаушыларға Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына қызығушылық танытқандары үшін алғыс айтып, сайлаушылардың саяси белсенділігі мен билікке сенімі артып келе жатқанын атап өтті.
– Өздеріңізге мәлім, сайлау барысында халықтың белсенділігі жоғары екені байқалды. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы жариялаған мәліметке сәйкес, сайлаушылардың 95,5 пайызы дауыс берген. Соңғы 5 жылда елдегі сайлаушылар саны жарты миллионнан астам адамға ұлғайды. Сайлау барысын мониторингтеу және жариялап көрсету ісін байқаушылар, соның ішінде халықаралық ұйымдардың өкілдері мен шетелдік журналистер қамтамасыз етті. Сайлау қорытындысы бойынша халықтың абсолюттік қолдауы Қазақстанның алдына мен қойып отырған міндеттерді жүзеге асыру үшін теңдессіз мандат береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті мемлекеттің алдында тұрған міндеттерге тоқталды.
– Бірінші кезекте біз халық қолдаған қазіргі бағытымызды жалғастыратын боламыз. Біз елімізде бар табиғи ресурстарға тәуелді болмайтын экономика қалыптастыруға ниеттіміз. Қазіргі кезде индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аяқталды, оның аясында 800-ге жуық кәсіпорын құрылды. Қазір біз екінші бесжылдыққа аяқ бастық. Біз өз күшімізге толық сенімдіміз және әлемдік қаржы институттарының, сондай-ақ 100-ге тарта трансұлттық компаниялардың қолдауына ие болып отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір басымдықтың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру екенін, онда елдің көлік инфрақұрылымын дамыту және Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік көпір ретіндегі рөлін арттыру мәселесі қарастырылғанын айтты.
Қазақстан Президенті «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде жарияланған бес халықтық реформаның да маңыздылығын еске салды.
– Ертеңгі күннен бастап-ақ біз арнайы комиссиялар құруға және осы реформаларды іске асыруға кірісеміз. Бұл жаңғыртулар өте өзекті, сондықтан оларды жүзеге асыру үшін халық берген сенім мандаты аса маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның сыртқы саясаты көпвекторлылық пен теңгерімділік қағидаттарына құрылатынын атап өтті.
– Қазақстан көрсетілген сенімді пайдалана отырып, бейбітшілік орнату бағытында күш-жігер жұмсауын жалғастырып келеді және түрлі өңірлердегі қақтығысушы тараптардың арасында ара ағайындық етуде. Өздеріңізге мәлім, біз Иран мәселесіне атсалыстық, Сирияға да көмектесуге ниеттіміз. Сонымен бірге, мен Украинадағы қақтығысты реттеуге күш-жігер жұмсап келемін, – деді Қазақстан Президенті.
Халықаралық байқаушылар өз кезегінде сайлау үдерісін оң бағалап, сайлау қорытындысы екі құрлықтың арасындағы табиғи көпір болып отырған Қазақстандағы демократияның жеңісін ғана емес, Азия мен Еуропаның барша демократиялық қоғамдарының болашағын да паш еткенін атап өтті.
ГФР Бундестаг депутаты, ХДО/ХӘО партиясынан сайланған ПАСЕ мүшесі К.Штренц Нұрсұлтан Назарбаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтады және Германия Федералдық Канцлері А.Меркельдің жылы лебізін жеткізді.
– Сайлауды ұйымдастыру жоғары деңгейде болды. Мен бақылаған учаскелерде ешқандай заң бұзушылық көрмедім, бәрі өте сауатты өткізілді, сол себепті де нәтижелері өте жақсы болды, – деді К.Штренц.
ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының бұрынғы төрағасы, Азия және Жерорта теңізі елдерінің «Изамед» институтының парламентаралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі президенті Р.Мильори Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлау өзге демократиялық елдерге үлгі болып саналатынын атап өтті.
– Қазақстандағы президенттік сайлау ашық, еркін және әділ өткенін халықаралық қоғамдастық атынан атап айтқым келеді. Біз сайлаудың барлық халықаралық стандарттарға сай өткеніне сенімдіміз. Сіз ғана емес, бүкіл ел жеңіске жетті, өйткені Қазақстан толерантты, заңды сыйлайтын, орнықты мемлекеттің үлгісі болып саналады, – деді Р.Мильори.
Еуропалық Парламентке Латвиядан сайланған депутат, Еуропарламенттің Орталық Азия жөніндегі делегациясының басшысы И.Григуле дауыс беру үдерісі жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтты.
– Кеше біз бірнеше учаскеде болдық, соған орай сайлау аса жоғары деңгейде, өте жақсы ахуалда өтті дей аламын. Қазақстан азаматтары Президент үшін ғана емес, өз елінің болашағы үшін, өркендеу, экономикалық даму және тұрақтылық үшін дауыс берді, – деді депутат.
ГФР Бундестаг депутаты, Халықаралық істер комитетіне ХДО/ХӘО партиясы атынан мүше болып отырған Г.Цертих халықтың белсенділігі мен сайлаудың ашықтығына назар аударды.
– Мен Қазақстандағы президенттік сайлауға байқаушы ретінде қатысқанымды мақтан етемін. Мұнда келген алғашқы күні-ақ сайлауға дайындық жергілікті жерлерде қандай құлшыныспен жүріп жатқанына куә болдым. Ал адамдардың сайлау учаскелеріне қалай келе бастағанын көргенде халық өз Президентін қолдайтынын ұқтым. Әркім де өзі үшін лайықты санаған таңдауын жасады деп ойлаймын, – деді Г.Цертих.
Салық және инвестициялар жөніндегі халықаралық орталық директоры Д.Витт өткен сайлау Қазақстан Республикасында болашақ ұрпақ игілігі үшін демократиялық институттар қалыптастыру бағытында жасалған тағы бір қадам болғанына тоқталды.
– Сіздің өз жұмысыңызда келесі басымдық ретінде экономикалық реформаларды белгілегеніңіз өте маңызды деп санаймын. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мүшесі болады деп үміттенемін. Біз осы өршіл мақсатты жүзеге асыру барысында Қазақстан үкіметіне жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз, – деді байқаушы.