Кездесу барысында Мемлекет Басшысы Қауіпсіздік кеңесінің ұлттық қауіпсіздікті, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіруді жүзеге асыратын арнайы орган екенін атап өтті. – Қауіпсіздік кеңесі туралы жаңа заң Кеңестің өкілеттігін мейлінше кеңейтеді. Осыған байланысты нормативтік құқықтық базаны, соның ішінде құқық қорғау және арнайы қызмет органдарының жұмысын реттейтін құжаттарды егжей-тегжейлі зерттеу қажет, – деді Қазақстан Президенті. Ғ.Байжанов Нұрсұлтан Назарбаевқа Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысын өткізуге дайындық барысы жөнінде мәлімдеді. Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің алдағы жұмыстары жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.