Кездесу барысында Қ.Қожамжаров Мемлекет басшысына Агенттіктің қазіргі қызметі, сондай-ақ мемлекеттік қызметті кәсібилендіру және тиімділігін арттыру мақсатында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев былтыр құрылған ведомствоның алдында мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарына қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды міндеттер тұрғанына назар аударды.
Қазақстан Президенті елдің орнықты өсімі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік аппараттың тиімділігін одан әрі арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Агенттік төрағасы сондай-ақ Жаңа мемлекеттік қызмет моделінің тұжырымдамасында белгіленген реформалардың бірінші кезеңін бағалау және мониторинг қорытындылары туралы баяндады.
Жүзеге асыру кезінде барынша пысықтауды және кешенді тәсілдерді қажет ететін бірқатар шаралар атап өтілді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке іріктеудің ашықтығын арттыру, мемлекеттік қызметшілердің қызметін сапалы бағалауды енгізу, оларды оқыту және ынталандыру жүйесін дамыту жөнінде ұсыныстар жасалды.
Қ. Қожамжаров Агенттік жұмысының мемлекеттік қызметтің барлық кезеңінде таланттарды басқарудың қағидаттары мен тетіктерін енгізу сияқты тұжырымдамалық жаңа бағыттары туралы әңгімеледі. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту шаралары туралы да айтылды. Оның аясында Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, білім берудің барлық деңгейінде және түрлі мақсатты топтар үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету мәселелерін зерттеу қарастырылған.
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.