Мемлекет басшысы шағын құрамда өткен кездесуде елдеріміз арасында сенім мен ынтымақтастықтың жоғары деңгейі орныққанын және Қытай Халық Республикасы басшысының Қазақстанға үшінші рет сапармен келіп отырғаны соның дәлелі екенін атап өтті.
– Біздің сенімді байланыстарымыз үкіметтеріміз арасындағы өзара іс-қимылдың барлық бағытына әсер етеді. Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекетаралық қатынастар үлгі етуге тұрарлық деп нық сеніммен айтуға болады. Арамызда шешімі табылмаған мәселелер жоқ, туындайтын кез келген проблемалар өз шешімін тауып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті тікелей шетелдік инвестициялардың, бөлінген несиенің көлемі мен бірлескен кәсіпорындардың саны жағынан ҚХР еліміздің негізгі экономикалық серіктестерінің біріне айналғанын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, энергетика, көлік және логистика саласында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
– Өзіңіз алғаш рет Қазақстанда жария еткен Ұлы Жібек жолын дамыту жөніндегі «Бір белдеу, бір жол» идеяңызды ерекше атап өткім келеді. Біз осы идеяны «Нұрлы жол» бағдарламасымен ұштастыру жөнінде бірлескен келісімге қол қойдық. Қазақстан Қытайдың шекарасынан Каспий теңізіне дейінгі теміржолды жалғастырып, Хоргосты Алматымен байланыстырды. Сол арқылы ҚХР-дың Қазақстанмен және бүкіл Орталық Азиямен байланысы жолға қойылды. Енді салынған көлік магистральдарының толық жұмысын қамтамасыз ету керек, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қазақстан Президенті Қытайдың жақын көрші ғана емес, стратегиялық сипаттағы өзара сенімді қатынас орнатқан достық ниеттегі серіктес екенін атап өтті.
ҚХР Төрағасы бүгінгі кездесуді екіжақты байланыстардың достық сипатын танытатын шара ретінде қарастыратынын айтты.
– Біз мемлекетаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейінде тығыз араласып келеміз. Бұл Қазақстан-Қытай қатынастарының стратегиялық сипаты бар екенін білдіреді. Біздің арамызда ең жақын қарым-қатынас орныққан. Өзіңіз орынды атап өткендей, менің бастамаммен Қазақстанда көтерілген «Бір белдеу, бір жол» идеясы бүкіл дүние жүзінде қолдау тапты. Бұл бастама әлемдік үдерістердің қазіргі заманғы жалпы үрдістеріне сай келеді. Шын мәнінде бұл – әлемнің экономикалық жаһандануының қатерлеріне жауап беретін ортақ бастама, – деді Си Цзиньпин.