National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Француз Республикасының Президенті Франсуа Олландпен кездесу

2014 жылғы 05 желтоқсан

 

Шағын құрамдағы кездесу барысында қазақ-француз стратегиялық серіктестігінің негізгі бағыттары талқыланып, сауда-экономикалық, инвестициялық, ғарыш, мұнай-газ және теміржол машиналарын жасау салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.

Мемлекет басшылары сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті жайттар туралы да пікір алмасты.

Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты ынтымақтастықтың негізін еліміздің тәуелсіздігін Еуропада алғашқылардың бірі болып таныған және 1993 жылы Қазақстанға келген Франция Президенті Ф.Миттеран қалағанын айтты.

– Содан бері дамып келе жатқан қарым-қатынастарымыз бүгінде стратегиялық серіктестік деңгейінде. Қазақстанда 100-ден астам француз компаниясы жұмыс істейді, көптеген бірлескен кәсіпорындар бар. Қазір ондаған бірлескен жобалар іске асырылуда.  Сізбен бірге іскер топ өкілдерінің үлкен  бір қауымы келгеніне қуаныштымын. Біздің кездесуіміз қарым-қатынастарымызды әрі қарай ілгерілетуге ықпал етеді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Ф.Олланд өзінің бұл сапары Қазақстан Президентінің Францияға 2012 жылғы сапарында жасалған уағдаластықтың нәтижесі екенін атап көрсетті.

– Егер кейінге үңіліп, Қазақстанның Ф.Миттеранның сапарынан бергі жүріп өткен жолына қарайтын болсақ, бүгінде бұл дамып, нығайып келе жатқан мүлде басқа ел. Біз Ресей мен Еуропа елдерінің арасындағы қарым-қатынастың ширығуы байқалып отырған уақытта кездесіп отырмыз. Мен мұның түйіні шешілгенін қалаймын, ал бұл орайда Сіздің ел айрықша рөл ойнайды, – деді Франция Президенті.

Кеңейтілген құрамда өткен келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Франция Президентінің сапары еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңына орайлас келгеніне назар аударды.

– Қазақстандықтар Франция біздің егемендігімізді алғашқы болып таныған мемлекеттің бірі екенін біледі. Осы жылдар бойы біз бірлесе жұмыс істеп келеміз, елдеріміздің арасында стратегиялық серіктестік туралы шарт қолданылады. Париж Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу идеясын Еуропадағы астаналар ішінен ең бірінші қолдады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Францияның біздің ел үшін жетекші сауда серіктесі және ірі инвестор болып саналатынын атап өтті.

– Біз білім беру саласында да ынтымақтастық жасап келеміз. Астанада жоғары оқу орындарының V форумы өтеді, ал Алматыда «Сорбонна» университетінің Орталық Азиядағы тұңғыш филиалы ашылады. Сондай-ақ елордамызда 1966 жылы Байқоңыр ғарыш айлағында болған Шарль де Голльге ескерткіш ашылмақ, – деді Қазақстан Президенті.

Ф.Олланд өз кезегінде Қазақстанға салынып жатқан француз инвестициясы мен экспортының ұлайып келе жатқанына назар аударды.

– Бүгін менімен бірге үлкен делегация келді, оның құрамына министрлер, парламентарийлер, кәсіпорындардың директорлары мен университеттердің ректорлары енді. Осының бәрі Францияның Орталық Азиядағы ірі экономикасы бар ел Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделілігінің зор екенін көрсетеді. Сіздердің елдеріңіз экономикалық даму жөніндегі мақсаттарын табысты жүзеге асырып қана қойған жоқ, ол сондай-ақ өзіне көршілерімен тең дәрежеде диалог жүргізіп, ірі саяси мәні бар оқиғаларға ықпал етуге мүмкіндік беретін маңызды саяси және дипломатиялық рөл атқарады, – деді Франция Президенті.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің