Мемлекет басшысы кездесу барысында Кәрім Мәсімовке Президент Әкімшілігі Басшысының қызметінде атқарған жұмысы үшін алғыс айтты.
– Бұл шешім осындай күрделі кезеңде Үкімет жұмысына тың серпін беру үшін қабылданды. Біздің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы аясында мақсаттарымыз бар және Үкімет оларға қол жеткізу үшін жасалатын жұмысты жандандырғаны жөн. Бұл міндет жауапты әрі оңай емес, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті өз Жарлығымен Әділбек Жақсыбековтің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы лауазымына тағайындалғанынан хабардар етті.
– Мемлекеттік хатшы кең ауқымдағы міндеттерді атқарады, ал Ә.Жақсыбековтің бұдан бұрынғы қызмет салаларында жинаған тәжірибесі мен білімі жаңа қызметіндегі міндеттерді шешуге айтарлықтай септігін тигізетін болады, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Президент Әкімшілігі Басшысы лауазымына Нұрлан Нығматулинді тағайындағаны туралы мәлімдеп, оның өңірлік деңгейде де, орталық деңгейде де мол жұмыс тәжірибесі бар екенін атап өтті.
– Өздеріңіз білетіндей, Президенттің Әкімшілігіне жоғары жауапкершілік жүктелген, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі сіздердің жұмыстарыңызға байланысты. Сондай-ақ Әкімшілік өңірлік және орталық атқарушы органдардың жұмысын үйлестіре отырып, қабылданған шешімдер мен тапсырмалардың орындалуын қадағалайтын негізгі бақылаушы орган болып саналады. Осыған байланысты негізгі міндет – ел азаматтарының мүддесіне сай келетін барлық қажетті шешімдердің қабылдануын қамтамасыз ету және жүзеге асыру, – деді Қазақстан Президенті.