- Бүгін бүкіл әлемнің назары Қазақстанға ауған тағы бір тарихи сәт. Біз тарихи таңдау жасаймыз, өйткені бұл жыл – Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылдығы жылы. Біз көпті көрдік, көп жұмыстар атқардық, көптеген қиындықты бастан өткердік. Бірақ алдымызда өте орасан міндет - мемлекет пен қоғамды жаңғырту міндеті тұр, сондықтан біздің азаматтарымыздың бүгінгі күні дауыс беруі біздің бірлігімізді, белгілеп берген барлық міндеттерді іске асыруға біздің ұмтылысымызды анықтап береді. Біз индустриалдық-инновациялық бағдарламаға бет бұрдық, біз әлеуметтік жаңғыруға бет бұрдық. Бұл бетбұрыстың бәрі де қарапайым адамдардың игілігін көздейді. Президенттікке кандидаттардың барлығы өңірлерде болулары үшін оларға теңдей мүмкіндіктер жасалды, бұқаралық ақпарат құралдарына теңдей қолжетімділікке ие болды. Олар Қазақстан халқына өз идеяларын, өз ойларын жеткізді. Оның ішінде біз қаперге алатындай құнды пікірлер бар. Біз қоғамға ашықпыз. Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы 1059 бақылаушыны, екі жүзден астам шетел журналистерін тіркеді. Міне, біздің елімізде осындай ашық, заңды тұрғыда әділ сайлау өтуде. Бүгін барлық қазақстандықтар отбасыларымен, топ болып, ұжымдарымен дауыс беруге келіп жатыр. Мен бұл белсенділіктері үшін өте ризамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге арналған брифинг барысында.