Отырысқа Кеңес төрағасы – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин, ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов, сондай-ақ Кеңес мүшелері: Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти, JP Morgan Chase International Директорлар кеңесінің төрағасы Джейкоб Френкель, Ресей Сбербанкінің президенті және басқарма төрағасы Герман Греф, Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хаджар, «Яндекс» компаниялар тобының басшысы және негізін қалаушылардың бірі Аркадий Волож, Citigroup инвестициялық және корпоративтік банкінің үкіметтер мен мемлекеттік сектор жөніндегі жаһандық блогының басшысы Джули Монако.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Кеңестің жаңа мүшелеріне ризашылығын білдіріп, шетелдік инвесторлардың күш-жігері мен қолдауының арқасында «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алдағы жұмысына негіз қаланғанын атап өтті.
– Ресми түрде іске қосылғаннан бері бір жыл ішінде Халықаралық қаржы орталығы беделді қаржы орталықтарының жаһандық индексі бойынша 37 позицияға көтеріліп, 51-ші орынға ие болды. АХҚО табысты жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған, қажетті инфрақұрылым бар. Енді бізге нақты нәтижелерге қол жеткізу керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласы әлемге танымал халықаралық қаржы орталығына айналып келе жатқанын атап өтті.
– Әлемнің жетекші сәулетшілері елорданың бірегей бейнесін жасады. Енді дүниежүзінің белгілі қаржыгерлері осы жерде табысты қаржы орталығын қалыптастыруға атсалысатын кез келді. Орталық қаржы секторын дамытумен қатар, экономикаға инвестициялар тартуы тиіс. АХҚО базасында келешегі зор жобаларды қаржыландыру жөніндегі негізгі мәмілелер жасалуы қажет. Бұл жерде «Қазақтелеком», «Қазмұнайгаз», ҚТЖ, «Эйр Астана» сынды ұлттық компаниялардың IPO-сы өтеді, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Отырыс барысында АХҚО-ның жылдық есебі бойынша ресми таныстырылымы өтті.