Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары бейнебайланыс арқылы қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде бүкіл әлем коронавирус пандемиясының жағымсыз салдарынан зардап шегіп отырғанын, ал, елімізде қабылданған карантин шараларының арқасында індеттің жаппай таралуы бәсеңдегенін, жағдайдың бақылауда екенін айтты. Дегенмен Қарағанды, Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында ауру жұқтырғандардың саны күрт өсті. Бұл қосымша шаралар қабылдау қажеттігін көрсетіп отыр.
– Оңтүстік – халық тығыз орналасқан өңір. Сондықтан індеттің таралуын тоқтатпасақ, жағдайды ушықтырып аламыз. Оған қоса, көктемгі егіс науқаны басталды. «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша бірқатар жобалар қолға алынады. Осындай уақытта елдегі эпидемиологиялық ахуалға айрықша назар аударуымыз керек. Бұл – аса маңызды міндет. Мемлекеттік комиссия аймақтардағы карантин шараларының орындалуын қатаң бақылауға алуы тиіс, – деді Президент.
Мемлекет басшысы пандемиямен күрестің алдыңғы шебінде жүрген барлық медицина қызметкерлерінің ерлікке пара-пар еңбектерін атап өтіп, оларға төленетін барлық қосымша төлемдерді уақтылы жүргізуді тапсырды.
– Қосымша төлемдерді төлей бастағалы бері, менің атыма оның сомасына, төлем алушыларға және басқа да мәселелерге қатысты сұрақтар мен шағымдар келіп түсе бастады. Мемлекеттік комиссия қаражаттың өз иелеріне дер кезінде жеткізілуін қатаң бақылауға алып, жұмыстың ашық жүргізілуін қамтамасыз етуі керек. Біз коронавирус жұқтырған науқастармен тікелей жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне көмектестік. Олардың саны шамамен 30 мың. Сонымен қатар жергілікті билік басқа да санаттағы медицина қызметкерлерінің мәселелерін шешуден қашпауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Медицина қызметкерлерін жеке қорғаныс құралдарымен, жұмыс істеуге қажетті жағдайлармен және тынығу орындарымен қамтамасыз ету мәселелері ерекше бақылауда болуға тиіс. Бұл жұмыстар полиция мен әскери қызметшілерге және алдыңғы шепте жүрген мемлекеттік орган қызметкерлеріне де қатысты жүргізіледі.
Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылып, 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем тағайындалған азаматтарды қолдау мәселесі де Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Әлеуметтік жәрдемақы алуға 1,7 миллион азамат өтініш білдірген.
– Әлеуметтік көмек көрсету механизмдерінің дайындығы өз деңгейінде емес екенін мойындауымыз керек. Тиісті ведомство мен араласқаннан кейін ғана жедел шешімдер қабылдай бастады. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың түсіндіру жұмыстары өз нәтижесін бермеді. Бұл халықтың мәселені әрқалай қабылдап, азаматтар арасында түсінбеушіліктерге және жергілікті жерлерде шатасуларға әкеп соқтырды. Адамдар өз бастарын тәуекелге тігіп, банктерден есеп ашу және бірыңғай әлеуметтік төлем төлеу үшін кезекте тұруға мәжбүр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған байланысты Президент Үкіметке азаматтардың үйінен шықпай-ақ мемлекеттен көмек алудың тетіктерін жедел әзірлеп, оны барлық бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жариялауды тапсырды. Сондай-ақ төлем карталарын қашықтан алу мәселесін 3 күн ішінде шешуді талап етті.
– Азаматтар бұл көмектің Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қаржылық қиындықтарға тап болған адамдарға ғана берілетінін түсінуі керек. Сондықтан бұл қолдауды табыс көзі жеткілікті адамдардың негізсіз алуын тоқтату қажет. Осындай әрекеттерге барған алаяқтарды, арам пиғылды адамдарды қоғамның назарынан жасырмай, ашық айыптау керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтар карантин режиміне көшіп, мектептер мен университеттер қашықтан оқыта бастағаннан кейін интернет жүйесі сыр бергенін, яғни, стресс-тесттен өтпегенін айтты.
– Елеулі жүйелік кемшіліктер анықталды. Білім министрлігі теледидар арқылы сабақ беруге мәжбүр. Жарнамасы жер жарған E-Learning жүйесінің жұрт айтып жүргендей, үні шықпай қалды. Сонымен қатар E-Gov жүйесінде де ақаулар бар екені мәлім болды. Алдағы уақытта осы вирус кезіндегі жағдайлардан сабақ алып, талдаулар жасап, мынандай тосын жағдайларға дайын болуымыз керек. Ең бастысы, шын мәніндегі цифрлы мемлекетке айналу үшін IT саласын сапалы жаңа деңгейге шығару жоспарын дайындау қажет. Елімізде келесі жыл тиімді цифрландыру аясында өтуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жаңа тәжірибелерді ескере отырып, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қосымша қаржылық шығындарсыз қайта қарауды, сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім беру мен ғылымды түбегейлі реформалауды тапсырды.
– Жоғарыда айтқанымдай, дағдарыс барлық кемшіліктерімізді көрсетіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз осыны пайдалануымыз керек. Реформаларды дайындау жұмыстарын қазірден бастау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекеттік комиссияның отырысында оқшауланған қалалардың тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету, тауарлар мен олардың бағасының қол жетімді болуы, халықтың әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған топтары үшін коммуналдық төлемдерді төмендету мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын сапалы түрде іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, вирустан кейінгі кезеңде аталған бағдарлама аясында шамамен 240 мың жұмыс орны ашылатынын айтты.
– Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін бұрын-соңды болмаған қаржы бөлінеді. Бөлінген қаражаттың құмға сіңген судай болмауы өте маңызды. Мұндай жағдай бұған дейін бірнеше рет болған. Сондықтан Үкімет пен әкімдер бұл жұмысқа қазақстандық кадрларды, отандық құрылыс компанияларын және құрылыс материалдарын өндірушілерді тартуға міндетті. Менің қолымдағы сараптама бойынша, мұның басым бөлігі уақытша жұмыс орындары екенін көрсетіп отыр. Бағдарлама аяқталғаннан кейін 13 мың адам ғана тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі екен, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент көктемгі егіс науқанын уақытында және сапалы атқаруды тапсырды. Шаруашылықтарды пестицидтер мен тыңайтқыштар, сапалы тұқымдар және жанар-жағар май сатып алумен қамтамасыз ету керек. Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру көлемі 3 есеге жуық, яғни, 170 миллиард теңгеге дейін артты.
– Жаңа тыйымдарға, квоталарға байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің сұрақтары көп. Ауыл шаруашылығы министрлігі оларға жедел жауап беруі керек. Бірыңғай колл-орталық қажет. Көктемгі егіс жұмыстарын қолдауға бөлінген қаражатты тиісті жерлерге уақытында жеткізу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдеріне дауылдан зардап шеккен инженерлік инфрақұрылымды қайта қалпына келтіру, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды дереу жөндеу жұмыстары тапсырылды. Сонымен қатар көктемгі су тасқыны да бақылауда болуы тиіс.
Президент жиын барысында азаматтардың денсаулығына баса мән берілетінін атап өтіп, жалпы жұмыс кезінде осы істі қаперде ұстау керек екенін айтты.
–15 сәуірде Төтенше жағдай режимі туралы Жарлығымның мерзімі аяқталады. Төтенше жағдай режимін, кем дегенде, сәуірдің аяғына дейін созуға тура келетіні қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Біз коронавируспен ауырудың шарықтау шегінен әлі өткен жоқпыз. Індетке қатысты жағдайды жеңілдетуге болмайды. Осыған байланысты карантин режимін елордада, Алматы мен Шымкентте және тиісті облыстарда сәуірдің аяғына дейін созуды тапсырамын. Мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінемін. Өйткені халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді. Бірақ карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Бұлай жасамасақ, жағдайды ушықтырып аламыз. Індет белең алып, барша ұлтымыздың денсаулығына, сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнеді. Мұндай жағдайда шағын және орта бизнеске, тіпті, бүкіл экономикаға қатысты жасап жатқан әрекеттеріміздің мәні жоғалады, – деді Мемлекет басшысы.
Үкіметке әкімдермен тығыз байланыс орната отырып, шағын және орта бизнесті тоқыраудан біртіндеп өркендеу аймағына алып шығу үшін, ең алдымен, еліміздің екі ірі қаласында жүйелі жұмыс жүргізу тапсырылды. Әкімдіктер жұмыс орындарында қатаң санитарлық-эпидемиологиялық режимді және әлеуметтік қашықтандыруды қамтамасыз ете алатын мекемелердің тізімін дайындайды.
Дағдарысқа қарсы штабтар кәсіпорындардың жұмыс режимін, еңбеккерлердің жұмыс орнына жеткізілуін және басқа да техникалық-ұйымдастыру мәселелерін анықтайтын болады. Осының негізінде Мемлекеттік комиссия тиісті кәсіпорындардың жұмысын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдай алады.
– Еліміз үшін зардабы ауыр тиіп тұрған індет кезінде алға озып кетуге, бөрікті аспанға атуға болмайды. Қазір Үкіметтің өз ішінде, сондай-ақ, Үкіметтің әкімдермен өзара іс-қимылдарында бұрын-соңды болмаған жүйелі жұмыс талап етіледі. Атқарушы биліктен шешімдер әзірлеп, қабылдау кезінде, менің тапсырмаларымды орындау барысында өте байыпты болуды талап етемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент барша қазақстандықтарға түсіністік, сабырлық пен шыдамдылық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, «Карантиндегі жұлдыздар» жалпыұлттық жобасын жүзеге асырып жатқан мәдениет қайраткерлеріне алғысын айтты.
Отырыс барысында Премьер-Министр Асқар Маминнің, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова және Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің есептері тыңдалды.
Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің толық мәтінін мына сілтеме арқылы оқуға болады.