Мемлекет басшысы бюджетті қалыптастыру ел алдында тұрған, соның ішінде «Қазақстан – 2050» Стратегиясында көрсетілген мақсаттарға қол жеткізуге бағытталғанын атап өтті.
– Мемлекеттік қаражатты тиімді пайдаланып, бюджет түсімдерінің көздерін жыл сайын ұлғайтып отыру қажет. Көрсетілген өлшемдерге қол жеткізу үшін Парламент қарауына енгізілетін бюджет жобасы әзірленді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз баяндамасында Премьер-Министр С.Ахметов 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджеттің негізгі параметрлері туралы мәлім етті.
– Аталған кезеңдегі экономиканың нақты өсімі 6-7 % деңгейінде жоспарлануда. Осы көрсеткіштер негізінде 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет өлшемі қалыптастырылды, – деді Қазақстан Премьер-Министрі.
Сондай-ақ, С.Ахметов Мемлекет басшысының ішкі резервтерді қарастыру жөніндегі тапсырмасын ескеріп, республикалық бюджеттің шығысы жалпы ішкі өнімнің 17,4 % құрайтынынан хабардар етті.
– Жергілікті бюджеттер аясында субвенция 81 млрд.-қа қысқарады, ал бюджеттік ақшаны алу, біздің өңірлерімізді дамытуды ескере отырып, 24 млрд. теңгені құрайды. Республикалық бюджеттің базасында біз мемлекеттік бюджетті қалыптастырдық, оның шығысы жалпы ішкі өнімнің 20,4 % құрайды. 2014 жылға арналған бюджеттің жаңа бастамасы Сіздің Қазақстан халқына Жолдауыңыздан бастау алады. Негізінен, ол даму бағдарламаларын және дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға бағытталады, – Қазақстан Премьер-Министрі.
С.Ахметов жаңа бюджеттік саясат тұжырымдамасы аясында Үкімет Ұлттық қордың негізгі параметрлерін сақтайтынын да баяндады.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев республикалық бюджет шығыстардың мақсатқа сәйкестілігі мен объективтілігі қағидаттарын ескеріп қалыптастырылғанын атап өтті.
– Біздің тарапымыздан мемлекеттік салалық бағдарламалардың көпшілігі қайта әзірленді. Қаржы министрлігімен бірлесіп биыл біз бюджет қаражатын пайдалану бойынша ай сайын мониторинг жүргіземіз. Біз белгіленген параметрлерге қол жеткізу үшін игерілмеген қаражатты азайту шараларын да қарастырамыз. Осы жылы инвестициялық жобалар бойынша құжаттарын ұсынбаған әкімшілерге рұқсат бермейміз. Біз сондай-ақ мемлекеттік органдарды ұстап тұруға байланысты ағымдағы шығыстарды қайта қарастырдық, – деді Е.Досаев.
Қаржы министрі Б.Жәмішев биылғы және келесі жылдардағы салықтық түсімдер жалпы ішкі өнім деңгейінен 10,2 % мөлшерінде жоспарланғанынан хабардар етті. Ол республикалық бюджетті мемлекеттік салалық бағдарламалар негізінде қалыптастыру соңғы нәтижені нақты бағалай отырып мемлекеттік шығысты кешенді жоспарлауға мүмкіндік беретініне тоқталды.
Мемлекет басшысы бюджеттік қаражат ел дамуының басты параметрлері – экономиканың өсімін және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін қатаң түрде жұмсалуы тиістігін атап көрсетті.
– Салықтық және кедендік әкімшілендіру бойынша кейбір мәселелер бар. Мысалы, атап айтқанда, экономиканың 20 %-ке жуығы «көлеңкелі» болып отыр. Сонымен қатар, негізделмеген салықтық жеңілдіктердің басым көпшілігіне талдау жүргізу қажет. Тиісті саланы дамыту үшін олардың тиімділігіне талдау жасау негізінде салықтық жеңілдіктерді қайта қарастырып, қайта бөлу жөніндегі жұмысты жалғастыру талап етіледі, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік қаражаттың шығысына бақылау жасау және олардың дер кезінде игерілуіне жауапкершіліктің қажеттігіне назар аударды.
– Жалпы, бюджет пен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспарын қалыптастыру көзқарасын және 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын мақұлдаймын. Еліміздің жалпы ішкі өнімі өсетін болады – бұл үшін барлық мүмкіндік бар. Біз Ұлттық қордың қаражатын осы мақсатта, инфрақұрылымдық нысандарға пайдаланамыз, ол жаңа жұмыс орындарын құрып, экономиканы, құрылыс саласын дамытуға қосымша серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті мемлекеттік құрылымдардың барлық шығысына және олардың өзара әсеріне тұтас талдау жасау, сондай-ақ ұлттық холдингтер мен компаниялар еңбеккерлерінің әкімшілік және әлеуметтік-тұрмыстық еңбек жағдайын жақсартуға арналған шығыстарды оңтайландыру қажеттігін атап өтті.
– Сонымен қатар, мемлекеттік меншіктегі, тиімсіз және бейінді емес міндет атқаратын мемлекеттік объектілерді жекеменшік секторға беру жөніндегі жұмысты жеделдеткен жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңес қорытындысында Мемлекет басшысы қарастырылған мәселелер жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар беріп, республикалық бюджет жобасын ел Парламентінің қарауына енгізуді тапсырды.