National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті

2013 жылғы 16 сәуір

Отырыста еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және ғарыш саласын дамыту жөніндегі шаралар туралы мәселелер қаралды.

Кеңесті ашқан Қазақстан Президенті азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты халыққа азық-түлік өнімдерінің нақты және экономикалық қолжетімділігі үшін қажетті шара қабылдау қажет.

Бірінші мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбеков баяндама жасады. Ол ауыл шаруашылығы саласында қол жеткен табыстармен қатар ел басшылығы назарын аударуды қажет ететін бірқатар шешімін таппаған мәселелер бар екеніне тоқталды.

Талқылау барысында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысушылар Мемлекет басшысын Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше елдермен азық-түлік өнімдерінің өзара сауда көлемін ұлғайту, сондай-ақ тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында техникалық реттеу жүйесін дамыту туралы қабылданған шаралар жөнінде хабардар етті.

Қазақстан Президенті бірінші мәселенің талқылауын қорытындылай келе, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің аса маңызды стратегиялық міндетінің бірі болып табылатынын атап өтті.

Бұл мәселе Қазақстанның алдағы уақытта Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі қарсаңында ерекше өзекті болып отыр. Өйткені азық-түлік өнімдері бойынша импорттық тәуелділіктің күшейе түсуінің еліміздің ұлттық мүддесіне қатысы бар.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге белсене қолдау көрсету, ішкі нарықты сапасыз өнімнен қорғау, заманауи технологияны пайдалана отырып, азық-түлік өнімдерінің ішкі саудасын дамыту жөніндегі басымдығы бар міндеттерді анықтап берді.

Сонымен қатар, Қазақстан мен шетелдік тасымалдаушылар арасында өркениетті бәсекелестік үшін жағдай жасалатын болады, оның нәтижесінде олардың бағасы мен сапасының оңтайлы арақатынасы көрсеткіштері ескеріліп, азық-түлік тауарларына еліміз азаматтарының қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Агроөнеркәсіп кешені саласындағы қаржылық құқық бұзушылықты анықтау, еліміздің ауыл шаруашылығын және тамақ өнеркәсібін дамыту мақсатында бөлінетін бюджет қаражатын жұмсауға қатаң бақылауды қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударылды.

Үкіметке және бейінді мемлекеттік органдарға агроөнеркәсіп кешеніндегі және азық-түлік нарығындағы жағдайды үздіксіз режімде тексеру, «осал аймақты» анықтау және назарға алу шараларын уақтылы әзірлеу мен қабылдау үшін тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимылды ұйымдастыру тапсырылды. 

Екінші мәселе бойынша Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясында ғарыштық қызметтердің әлемдік нарығындағы Қазақстанның орнының ауқымын кеңейту, сонымен қатар бірқатар жобаны жүзеге асырылу кезеңіне жеткізу мақсаты қойылғанын еске салды.

Бұл үшін Үкіметтің ғарыштық қызмет саласындағы іс-қимылын айқын жоспарлап алған жөн. Ғарыш қызметінің Қазақстан үшін мейлінше қызықты әрі қажетті буындарын айқындай отырып, алға нақты міндеттер қою аса маңызды. 

Баяндама жасаған Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Т.Мұсабаев басқарып отырған саладағы істердің ахуалы, жасалған жоспарлар мен туындаған қиындықтар туралы хабардар етті.

Отырысқа қатысушылар нақты ғарыштық жобалардың орындалу барысы, бірлескен жобаларды іске асыру кезіндегі шет мемлекеттермен өзара іс-қимыл, ғарыш саласы үшін кадр даярлау мәселелері жөнінде айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев ғарыш саласында Қазақстанның тек өршіл мақсаттары ғана емес, ғарыштық технологияларды кеңінен пайдалану үшін тиісті экономикалық және техникалық мүмкіндіктерінің де бар екенін атап өтті. Сонымен бірге, ғарыш саласы экономиканың ең бір қымбат саласының бірі болғандықтан, оған мемлекет тарапынан жүйелі көзқарас және бақылау қажет.

Қазақстан Президенті Үкіметтің алдына ғарыштық жобаларға тартылған мемлекеттік органдардың қызметін ведомствоаралық үйлестірудің тиісті деңгейін қамтамасыз ету міндетін қойды.

Қазақстанның ғарыш саласындағы басты әріптесі Ресей екенін, сондықтан екіжақты ынтымақтастықты дамыту мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру басымдығы бар міндет болып саналатынын айрықша атап өтті.

Ғарыш секторын тиімді дамыту үшін дайындықтан өткен кадрлар қажет болатындығы айтылды. Соңғы жылдары Ресейдің және өзге де озық ғарыштық державалардың жетекші техникалық жоғары оқу орындарында көптеген қазақстандықтар тиісті дайындықтан өтті. Үкімет мұндай мамандардың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етіп, тиімді жұмыс үшін оларға қажетті жағдайларды жасауға тиіс.

Ғарыштық жобаларды жүзеге асыруға бөлінетін бюджеттік қаражатты тиімді әрі мақсатты пайдалануға бақылау жасауды күшейту мәселесі арнайы талқыланды.

Жалпы, Қауіпсіздік Кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Үкіметке және мүдделі мемлекеттік органдарға азық-түлік қауіпсіздігі мен елдің ғарыш саласын дамыту мәселелеріне қатысты бірқатар тапсырмалар берді. 

                      


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің