Сонымен қатар отырысқа Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев және Украина Президенті Виктор Янукович қатысты.
Кеңес отырысы барысында ықпалдастықтың негізгі бағыттарына, соның ішінде Еуразия экономикалық комиссиясының елдердің одан арғы өзара іс-қимылы тетіктерін әзірлеу жөніндегі қызметіне қатысты бірқатар мәселелер қаралды.
Әңгімелесу барысында Қырғыз Республикасы мен Украинаның Кеден одағы жұмысына қатысуының перспективалары да талқыланды.
Әріптестеріне арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев олардың кездесулері интеграция және Еуразия экономикалық одағын құру жөніндегі құжаттарды қабылдау қарқынын төмендетіп алмауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Бүгінгі басқосу жоғары деңгейдегі кездесудің биылғы біріншісі болып саналады. Ең бастысы – одан әрі ықпалдасуға деген ортақ ұмтылысымыз. Біз интеграцияның оған қатысушылардың барлығы үшін тиімді болуға тиістігіне ден қойып отырмыз. Интеграциялық процесс эволюция жолымен жүруге тиіс, күш-жігерді жұмылдырып, тоғысу нүктелерін іздестірген жөн, – деді Қазақстан Президенті.
Кездесу аяқталған соң Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін мәлімдеме жасады. Қазақстан Президенті отырыста Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті одан әрі дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары талқыланғанын атап өтті. Сонымен қатар Еуразия экономикалық одағын құру жұмысының жай-күйісі қаралды.
– Ең алдымен ықпалдастықтың негізгі бағыттарын жүзеге асыру жөнінде қабылданған шешімді атап өткім келеді. Бұл шешімде Еуразия экономикалық одағын құру және дамыту негіздері бекітілді. Біз оны 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін 2014 жылғы 1 мамырға қарай құжаттардың жобалары мемлекеттер басшыларының қарауына ұсынылуға тиіс. Қазіргі негізгі мақсат Кеден одағынан алынып тасталған барлық артық тұстарды жойып, Бірыңғай экономикалық кеңістікті түбегейлі қалыптастыру болып саналады. Осы жұмыс негізінде біз интеграциялық өзара ықпалдастықты одан әрі тереңдету жөнінде шешім қабылдаймыз. Әңгіме терең экономикалық интеграция туралы болып отырғанын атап өткім келеді. Ол прагматизмге және барлық мемлекеттер үшін ортақ өзара тиімділікке негізделген, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев отырыста бірқатар маңызды шешімдерге қол қойылғанын айтты.
– Еуразия экономикалық комиссиясының сауда саласында халықаралық келіссөздер өткізу жөніндегі қызметінің мәселелері туралы регламентіне өзгерістер енгізілді. Аталған құжат Кеден одағына мүше мемлекеттерге комиссияның алаңын пайдалана отырып, өзара белсенді іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Ол саудадағы серіктестеріміздің ауқымын кеңейтеді. Бұл біздің мемлекеттеріміздің әлдеқайда тығыз ықпалдастығы жолындағы маңызды кезең болып саналады. Бүгін Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің келісілген агроөнеркәсіптік саясатының тұжырымдамасы мақұлданды. Сондай-ақ Кеден одағының сыртқы және өзара саудасының ықпалдастырылған ақпараттық жүйесін құру жөніндегі шаралар айқындалды. Сонымен қатар Статистика саласындағы ақпараттық өзара іс-қимыл жөніндегі келісім қабылданды. Дербес блок ретінде біз Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясын кеңейтудің перспективаларын қарастырдық, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қырғызстанның Кеден одағына қосылуға қазірдің өзінде өтініш беріп қойғанын атап өтті.
– Тиісті «Жол картасын» әзірлейтін Жұмыс тобы құрылды. Украина біздің Кеден Одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік, сондай-ақ болашақта Еуразия экономикалық одағы аясындағы жұмысымызға бақылаушы мәртебесін алуға ықыласын білдірді. Бұл орайда Қырғызстан мен Украина президенттері осы отырысқа шақырылды және біздің пікірталастарымызға қатысты. Біз олардың ниетіне қолдау білдіріп, тиісті шешім қабылдадық. Жоғары кеңестің келесі отырысында мақұлдай алуымыз үшін күзге қарай сарапшылар барлық қажетті құжаттарды дайындайды деген келісімге қол жеткізілді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті жиынға қатысушылардың кездесу нәтижелеріне қанағаттанғанын атап өтті. Келесі отырыстар қазанда Минскіде және желтоқсанда Мәскеуде өтеді.
Мемлекет басшысы атап өткендей, интеграциялық процестерді нығайту жөніндегі мақсатты түрдегі және өлшеп-пішілген сындарлы саясатты жалғасатын болады.
– Кеден одағын, Бірыңғай экономикалық кеңістікті және Еуразия экономикалық одағын құру мәселелерінің мәні аса күрделі болып саналады. Біз бүгін барлық туындайтын түйткілдерді ашық түрде талқыладық. Ең бастысы, мемлекеттер басшыларының саяси жігері бар. Мұның бұл процеске қатысушы барлық мемлекеттерге тек тауар айналымы тұрғысынан ғана емес, жаһандық даму үстіндегі әлемде, қазіргі күрделі экономикалық ахуалда өз орындарын алу тұрғысынан да тиімді екенін біз анық білеміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Оған қоса, бөлек өткен бірлескен брифингте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Украина Президенті Виктор Янукович Кеден одағының экономикалық тұрғыдан мақсатқа сәйкес екенін атап өтісті.
– Біздің экономикаларымыз Кеңес Одағы кезінен бері тығыз байланысты, олар бір-бірін өзара алмастыруға қабілетті. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді және жаһандық ауқымдағы бәсекелестікке дайындалуға септігін тигізеді. Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің ерекше маңыздылығы осында. Мен ұлтүстілік органдарға мемлекеттердің тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін ешқандай саяси функциялар беру жоспарланып отырмағанын тағы да атап өткім келеді. Әңгіме тек таза экономикалық интеграция туралы болып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев
Виктор Янукович отырыста қабылданған барлық шешімдерге және алдағы уақытта қабылданатындарына пәтуаласу арқылы қол жеткізілетінін де атап өтті. Бұл – Кеден одағы жұмысының өте маңызды принципі.
Украина Президенті елдің Кеден одағы жұмысына бақылаушы ретінде қатысуы туралы меморандумға Минскіде ТМД саммитінде қол қойылатынын айтты.
– Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің басшылары кеңесінің шешімімен Украинаның Еуразия экономикалық одағына бақылаушы болу мәртебесін алуға өтінімі қолдау тапты. Оған қоса, мен отырыста интеграциялық бірлестіктер аясында одан арғы экономикалық саясатты қалыптастыру туралы шешімдер қабылдау жөніндегі пікірталасқа қатыстым. Оған Украинаны өте-мөте толғандыратын экономикалық мәселелер өзек болды. Бұл өте қажетті әрі маңызды пікірталас, мұндай ашық талқылауларға біз аса зәруміз, – деді Виктор Янукович.