«Қазақстан – 2050» Стратегиясын іске асыру мәселелеріне арналған отырысты ашқан Мемлекет басшысы әлемдік нарықтағы тұрақсыздық жағдайында ел экономикасының 6%-ға өскені байқалып отырғанын атап өтті.
– Жалпы Үкімет пен облыстар әкімдерінің қызметтерін оң бағалай келіп, біз алда қандай істер тұрғанына назар аударуға тиіспіз. Өздеріңіз білесіздер, биылғы жыл оңай болмайын деп тұр және барлық бағыт бойынша өте нақты әрі үйлесімді жұмыс қажет. 2013 жылдың қазан айында біз 9 айдың қорытындысын шығардық, түйткілді мәселелерді талқыладық және мен нақты тапсырмалар бердім. 33 тапсырманың орындалу мерзімі таяп қалған болса, тек 11-і ғана толық орындалған. Бұл – үштен бірі. Қалған тапсырмалар сапасыз атқарылды немесе әлі де орындалуда. «Көлеңкелі экономиканы» қысқарту жөнінде нақты ештеңе жасалмады. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының табыс көздерін нығайтуға арналған нақты жоспарлары жоқ. Үкімет пен Ұлттық Банк даму институттарының, зейнетақы қорларының, қаржы ұйымдарының қаражаттарын мемлекет-жекеменшік серіктестігі жобаларына тарту жөніндегі ұсыныстары тиянақталмаған. Ауыл шаруашылығы жөніндегі мәселелер топтамасы іс жүзінде дайын емес. Тізімді жалғастыра беруге болады. Осы мәселенің бәрі Жолдауды сапалы іске асыру үшін өте маңызды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда айтылған ұзақмерзімді жоспарлар мен биылғы жылға арналған, сапалы орындалуға тиіс жеті нақты міндетті еске салды.
– Үш күн бұрын елімізде теңгені айырбастау бағамына өзгеріс енгізілді. Бұл шара экономиканың өсімін 6%-ға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, ол – алға қойылған барлық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін қажетті негізгі көрсеткіш. Алыпсатарлыққа қатаң бақылау жасап, егер ондай келеңсіз жайттар анықталған жағдайда қатаң жазалау керек. Әлемдік экономика мен ішкі ахуалдағы үрдістерді ескере келе, Үкімет пен Ұлттық банктің маңызды міндеті – макроэкономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау жөніндегі алдын алу шараларын іске асыру. Мұндай шаралар жеті бағыт бойынша жүзеге асырылуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті халықтың табыстарын қолдау мәселесіне қатысты Үкімет азық-түлік пен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың негізгі түрлеріне, жанар-жағармайға, дәрі-дәрмектерге бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуі, сондай-ақ өнімдердің тапшылығына және монополистер қызметінде тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеуі тиіс екеніне тоқталды.
– Халықты әлеуметтік қолдау жөнінде кешенді шаралар қабылдау қажет. Осыған байланысты Үкіметке 2014 жылдың 1 сәуірінен бастап мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік қазынашылық кәсіпорындарда жұмыс істейтін азаматтық қызметшілердің лауазымдық еңбекақыларына 10% көлемінде ай сайынғы қосымша төлем қарастыруды тапсырамын. Бұл – ең алдымен білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлері, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Жолдауда Үкіметке 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап азаматтық қызметшілердің еңбекақысын төлеудің жаңа моделін енгізу тапсырылғанын еске салды.
– Егер азаматтық қызметшілердің еңбекақы өсімін жалпылай алсақ, онда қосымша арттыру есебінен 2015 жылдың 1 шілдесіне қарай ол қызмет саласына байланысты 36%-дан 52 %-ға дейін өседі. Сондай-ақ, биылғы жыл басынан арттыруды ескере отырып, зейнетақы төлемдері көлемінің өсімін 14%-ға, ал мемлекеттік әлеуметтік төлемдер өсімін 12%-ға, атаулы әлеуметтік көмек көлемін арттыруды 12%-ға, студенттер стипендиясының көлемін арттыруды 10%-ға дейін жеткізуді тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке фискальдық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
– Бюджетті тағы да қараңыздар, қажет болса түзету енгізіңіздер. Тиімсіз шығысты жойып, кіріс резервтерін іске қосыңыздар. Қабылданған әлеуметтік міндеттемелер мен әлеуметтік сипаттағы бюджетті дамыту шығыстары толық көлемде орындалуға тиіс екеніне тоқталғым келеді.
Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» қорына 2014 жылдың 1 сәуірінен бастап оның құрамына кіретін компаниялардағы тікелей өндірісте еңбек ететін жұмысшылардың еңбекақысын 10%-ға арттыруды тапсырамын. Кеңсе қызметкерлеріне емес, тек өндірісшілерге – жұмысшыларға, инженерлік-техникалық құрамға ғана, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті «Қазақмыс», «Арселор Миттал», «Қазмырыш», ENRC тәрізді тау-кен секторы мен металлургия кешеніндегі ірі компанияларға, сондай-ақ ірі мұнай-газ компаниялары мен өзге де салалардағы кәсіпорындарға осындай өндірісте жұмыс істейтін жұмысшылардың еңбекақысын 10%-ға арттыру мәселесін қарастыру туралы ұсыныс білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық Банк пен Үкімет инфляцияның шарықтауына жол бермей, қаржы нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыруға да назар аударды.
– Үкімет кәсіпкерлікке, әсіресе шағын және орта бизнесті дамытуға жаңаша серпін беретін жүйелі шараларды әзірлеп, іске асыруға тиіс. Бірінші кезекте шағын және орта бизнес субъектілерінің қаржыландыруға қолжетімділік аясы ұлғайтылуға тиіс. Ел экономикасы, кәсіпкерлеріміз ұзақмерзімді несие ресурстарына мұқтаж. Сыртқы көздер жеткіліксіз болып отыр. Экономикаға жедел көмек көрсетіп, оның 6-7% өсімін қамтамасыз ету үшін бізге мемлекет резервтерін пайдалануға тура келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Қазақстан Президенті экономиканы несиелік ресурстармен қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 2014 және 2015 жылдары оларды пайдаланылу бағытын анықтай отырып, 1 триллион теңге бөлуді тапсырды.
– Біріншіден, шағын және орта бизнеске өңдеу өнеркәсібін дамыту жобаларына несие бөлу. Екіншіден, индустрияландыру бағдарламасының басымдықтары жөніндегі, оның ішінде шетелдіктер қатысатын жобаларды несиелендіру. Ресурстар тек қана өнім өндірісіне бөлінеді. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, осы мәселелердің бүкіл кешенін егжей-тегжейлі пысықтап, биылғы 20 ақпанға дейін маған сондай тетікті іске асыру жөніндегі нақты ұсыныстар беруді тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы бұл шараларды олардың ашықтығын қамтамасыз ететін халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп іске асыру қажеттігін атап өтті.
– Бөлінетін қаржыны тиімді пайдаланудың жеке жауапкершілігін Премьер-Министр мен Ұлттық банк төрағасына жүктеймін. Қаражаттың жұмсалуын бақылау жөнінде Ұлттық банк жетекшілік ететін комиссия құруды тапсырамын, ол тоқсан сайын ашық түрде есеп беріп отыруға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар Үкімет рұқсат беру жүйесін түбегейлі қайта қарап, әкімшілік процедураларды оңайлатуы тиіс екендігіне тоқталды.
– Мен кәсіпкерлікті реттейтін барлық нормативтік құқықтық актілерді ревизиядан өткізуді тапсырып та қойдым. Бұл жұмыс 2014 жылғы 1 желтоқсанға дейін емес, 1 маусымға дейін аяқталуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қаржы секторын нығайту мәселесіне қатысты Қазақстан Президенті іске аспай жатқан несиелер мәселесі банк жүйесінде өзекті болып отырғанына назар аударды.
– Сондықтан Ұлттық банк пен Үкіметке 2014 жылғы 1 наурызға дейін банктерден проблемалық несиелерді сатып алу жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Ұлттық банк алдына қоятын міндетім – екінші деңгейлі банктердегі іске аспай жатқан несиелер үлесі 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін 15%-ға және 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін 10%-ға азаюы тиіс. Банктер осы міндетті орындау үшін барлық қажетті шараны қолдансын. Қайталап айтамын, Ұлттық қордан қаржы ресурстарын берудегі басты ұстанымның бірі – іске аспай жатқан несиелер деңгейін төмендету банктер үшін міндеттеме болуы керек. Проблемалық несиелерді мемлекеттің сатып алуы соған байланысты болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы ортамерзімді перспективада инфляцияны 3-4%-ға дейін төмендету үшін Ұлттық банкке 2014 жылғы 15 наурызға дейін инфляциялық шектеу режіміне көшу жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды.
– Сондай-ақ, осындай саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, үйлестірілетін бағалар мен тарифтер саласындағы саясатты айқындау жөніндегі шаралар кешенін әзірлеуді де тапсырамын. Бұл жұмыс биылғы бірінші жартыжылдықта аяқталуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев қаржы нарығын жандандыру жөнінде бірқатар түбегейлі шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
– «Халықтық IPO» бағдарламасы лайықты жалғасын таппады. Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорын құру үдерісі негізсіз созылып кетті. Үкімет пен Ұлттық банкке Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын және Зейнетақы жүйесін дамыту тұжырымдамасын әзірлеу аясында зейнетақы жүйесі мен қаржы нарығын дамыту мәселелері жөнінде айқын жоспар ұсынуды тапсырамын. Мерзім – 2014 жылғы 1 маусымға дейін, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті экономикаға мемлекеттің қатысуын азайту мәселесіне де тоқталды.
– 2012 жылы «Халықтық IPO» бағдарламасы іске қосылды. Нарыққа тағы 5 компания - «Кегок», «Эйр Астана», «ҚазТрансГаз», «Самұрық-Энерго» және «Қазтеңізтрансфлотты» шығару жоспарланды. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына Үкіметпен бірлесіп, бір ай мерзім ішінде тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Жолдауда Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, бірінші тоқсанда 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді бағдарламасын әзірлеу тапсырылғанын еске салды.
– Мемлекеттің қатысуындағы барлық компанияларға талдау жүргізіліп, жекеменшік секторға берілетін кәсіпорындар тізбесі анықталуға тиіс. 2014 жылдың 1 мамырына дейін Yellow Pages Rule қағидаттарын бекіту үшін заң жобасын әзірлеуді тапсырамын. Бұл ретте мемлекеттің жекеменшік компаниялардың капиталына кіруінің ықтимал шарттары мен рәсімдерінің нақты тізбесін қарастыру қажет. Жалпы 2020 жылға дейін мемлекеттік меншіктің үлесі ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне – ішкі жалпы өнімнің 15%-ына дейін жеткізілуге тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев «көлеңкелі экономиканы» қысқарту шараларын іске асыру қажеттігін атап өтті.
– Ресми дереккөздерге сәйкес, ІЖӨ-нің бесінші бөлігі көлеңкеде «жасырылған». Өзге деректер бойынша одан да көп деп бағалануда. Бұл –әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттауға болатын алынбаған салықтар, экономикалық қылмыс пен жалған кәсіпкерлік белең алатын орта. Үкіметке нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Мерзім – 2014 жылдың 15 наурызына дейін, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті инвестициялық ахуалды жақсартудың маңыздылығын атап өтті.
– Инвестициялық ахуалға байланысты барлық мәселелер бойынша біз нақты, ашық әрі айқын ойын ережесін енгізуіміз қажет. Инвесторларға не керек? Оларды бірқатар базалық факторлар қызықтырады: келісімшарттар мен заңнаманың тұрақтылығы, қоғамдағы тұрақтылық және инфрақұрылым, энергоресурстар, көлік, жұмыс күші, ыңғайлы визалық режім. Осының бәрі бізде бар, бірақ мүлде жұмыс істемейді, істесе де, инвестордың пайдасына емес, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы өңдеуші салаларға, қызмет көрсету секторына және ауыл шаруашылығына шетелдік капитал тарту үшін инвестицияларды әртараптандыруға барлық жағдайды жасау қажеттігін атап өтті.
Қазақстан Президенті шетелдік жұмыс күшін тарту үрдісі де жетілдіруді қажет ететіндігін айтты. Сондай-ақ, кедендік әкімшілендіруді жақсарту жөнінде де кешенді шаралар қабылдау қажет.
Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке 2014 жылғы 1 мамырға дейін сыртқы сауданы жүргізу кезіндегі әкімшілік рәсімдерді түбегейлі азайту мәселесін пысықтауды тапсырды. Атап айтқанда, еліміздің кедендік шекарасынан кез келген жүктің өтуі 3 күннен аспауы керек.
Мемлекет басшысы биылғы жылдың 1 мамырына дейінгі мерзім ішінде комиссия құрып, түп негізінде инвестициялық келісімдер жатуға тиіс инвесторларды ынталандырудың жаңа пакеті бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
– Осы келісімдер мен келісімшарттардың тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Кедергі аз, жұмыс әлеуеті жоғары жерлерге ғана инвестициялар келеді. Біз халықаралық деңгейдегі көлік-логистика жүйесін құруға тиіспіз. Ол үшін барлық ұлттық логистикалық активтерді шоғырландырып, серіктестермен бірге «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның басқаруындағы альянс құру қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы қарқынды әртараптандыру қажеттігіне, бұл макроэкономикалық тұрақтылық пен орнықты өсуді қамтамасыз ету үшін орта және ұзақмерзімді перспективадағы басты міндет екендігіне тоқталды.
– Индустрияландырудың мақсаты жеке-дара жобаларды жинап алу емес, қуатты өңдеуші өнеркәсіпті дамыту. Үкіметте шетелдік және отандық инвестициялар тартудың нақты жоспары болуы тиіс. Басымдығы бар әрбір сектор үшін үздік трансұлттық компаниялардың тізімін анықтап, олардың әрқайсысын тарту стратегиясын әзірлеген жөн. Үкімет мұнай-газ және тау-кен, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау жабдықтарын өндіретін жетекші компаниялармен нақты жұмыс бастауы қажет. Сондай-ақ бізде өндіріс ашуға әзір инвесторларды анықтап, оларды жан-жақты қолдау керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Үкіметке облыс әкімдерімен бірлесіп, өңірлердің мамандандырылуын айқындауға ден қоюды тапсырды.
– Бұл кластерлік бастамалардың біртіндеп дамуына негіз болады. Бірінші кезекте экономиканың базалық салаларындағы бәсекелік артықшылықтарымызды дамыту керек. Осы тұста инвестициялық белсенділік төмендеп кетті. Бұл, бірінші кезекте, геологиялық барлауға салынатын инвестицияның жеткіліксіздігіне байланысты. Биылғы қаңтар айында маған Мұнайлы-газды және перспективалы шөгінді алаптар атласы ұсынылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы көмірсутек қорлары мен пайдалы қазбалардың қатты түрлері біздің экономикамыздың жүйе құрушы элементтері саналатынын атап өтті.
– Сондықтан геологиялық барлау жұмыстарының бағдарламасын жүзеге асыру қажет. Бұл мәселелер жеке мемлекеттік орган арқылы реттелуге тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев мұнай және газ саласында технологиялық саясатты айтарлықтай жандандыру қажеттігін айтты.
– Қазақстанда мұнай алу коэффициенті 30-35 пайыздың айналасында, ал әлемде ол 50 пайызға жетті. 2020 жылға дейін осы коэффициентті арттыру қажет. Бүгінде халықаралық сарапшылардың пікірі газ саласының болашағы зор деген тұжырымға келіп тоғысады. Сұйытылған газ секторына және өзге де газ химиясы мен газ энергетикасына айрықша көңіл бөлінуде. Жалпы, Газ секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті энергетика саласында Отын-энергетика кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеудің маңыздылығына тоқталды.
– Биылғы жылдың бірінші тоқсанында АЭС-тің орны мен құрылысына қатысты мәселені де қарап, ұсыныс енгізіңіздер. Бұл ретте жаңартылатын табиғи – су, жер және биологиялық ресурстарды пайдалану үшін қазақстандық ғылымның рөлін күшейтуге назар аудару қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне арнайы тоқталды.
– Бұл тұста да заманауи аграрлық ғылым құру үшін инвестициялардың, әсіресе шетелдік инвестициялардың келуін қамтамасыз ету өте маңызды. Үкімет ауыл шаруашылығы өнімінің нақты бір түрін өндіру үшін Өңірлердің ауыл шаруашылық жерлерін оңтайлы пайдалану жөнінде мамандандырылу картасын әзірлеп, бекітуі тиіс. Ауыл шаруашылығы тауарлары өндірісі өнім өңдеумен қатар дамуы керек. Ауыл шаруашылығындағы өнімділік пен тиімділікті арттырудың бір жолы – ұсақ шаруашылықтарды кооперациялау. Сондықтан «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» бірыңғай заң әзірлеу қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Қазақ агротехникалық университеті базасында ауыл шаруашылығы саласында халықаралық зерттеу университетін құру жөніндегі ұсынысты бір ай ішінде енгізуді тапсырды.
Қазақстан Президенті отырысты қорытындылай келіп, аталған мақсаттарға жету үшін Үкіметтің белсенді және сапалы жұмыс істеуі қажеттігін айтты.
Отырыс барысында Премьер-Министр С.Ахметов, Ұлттық банк төрағасы Қ.Келімбетов, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова, Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі С.Ескендіров, Алматы облысының әкімі А.Мұсаханов сөз сөйледі.