Қазақстан Президенті іс-шара алдында жастардың киімдер, спортшыларға арналған тағамдар өндірісі мен интерактивті қызмет көрсету платформаларын құру жөніндегі бірқатар жобаларымен танысып, Үкіметке бұл бастамаларды жүзеге асыруды және ілгерілетуді ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларды Жастар жылының ашылуымен құттықтап, бұл шараның келешек ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, күш-жігерлеріңіз бен патриоттық сезімдеріңізге байланысты. Қазір қолға алынған жұмыстардың бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз, сондай-ақ өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық жүзеге асыра алу үшін атқарылып жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті ірі қалалардағы жас отбасылардың тұрғын үй проблемаларының өзектілігін атап өтіп, бұл мәселені шешу үшін тұрақты кіріс болу керектігін, сондай-ақ, адамның жақсы тұрмысының негізгі көзі – жұмыс екенін айтты.
– Өткен жылы Қазақстанда орта мектепті 125 мыңнан астам жас түлек бітіріп шықты. Келешекте еңбек нарығына шығатын жастардың саны арта түспек. Қазіргі уақытта елімізде 300 мыңға жуық адам немесе жастардың 9 пайызы оқуға және еңбекке тартылмаған. Бұл санатқа жататын жастардың санын азайтуға септігін тигізетін тиімді шаралар қабылдау қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев техникалық және кәсіби білім беру жүйесін сапалы дамытудың негізгі басымдықтарына арнайы тоқталды.
– «100/200» қағидаты негізінде «Жас маман» бағдарламасын әзірлеу қажет. Үш жыл ішінде бұл жоба еліміздің барлық өңірі бойынша 200 мыңға жуық жас азаматты қамтитын болады. Осы жоба аясында жаңғыртылған 200 оқу орнының базасында сұранысқа ие 100 индустриялық және қызмет көрсету мамандықтары бойынша кадрлар даярлау іске асырылады, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға арнайы Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Бұл жас қазақстандықтарды қол жетімді әрі сапалы білім, жұмыс, тұрғын үй және отбасын құру жөніндегі маңызды қажеттіліктермен қамтамасыз етуді көздейтін нақты қолдау шараларын қамтуға тиіс.
Елбасының сөйлеген сөзінің толық мәтінін мына жерден оқи аласыздар.