Кездесу барысында екі ел ынтымақтастығын одан әрі нығайту жолдары талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Иран халықтарын ежелден қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және рухани қарым-қатынас байланыстыратынын айтты. Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі мейлінше өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасып, терроризммен және экстремизммен күрестің маңыздылығын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Әли Хаменей Қазақстан-Иран қарым-қатынасының сауда және инвестиция, бірлескен жаңа жобалар жасау салаларындағы даму қарқынына қанағаттанушылық білдіріп, осының бәрі екі елдің халқының достығын нығайту жолындағы берік негіз қызметін атқаратынын айтты.