Елбасының атына шет ел мемлекеттері басшыларынан, шетелдік саясаткерлерден, түрлі компаниялар мен ұйымдардың өкілдерінен, сондай-ақ ел азаматтарынан құттықтаулар әлі де келіп түсуде.
Сейшель Аралдары Республикасының Президенті Дж.Мишель Үкіметтің және ел халқының атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына қайта сайлануына байланысты жылы лебізін білдірді.
«Елдеріміздің қарым-қатынасы әрқашан жақсы деңгейде болды және берік достығымыз бен ынтымақтастығымыз Сіздің басшылығыңызбен бұдан әрі де өркендей береді деп үміттенемін», – делінген жеделхатта.
Түрік Республикасының премьер-министрі А.Давутоглу достас Қазақстанның қарқынды дамуы мен халықаралық аренадағы беделінің өсіп келе жатқанын атап өткен.
«Біз стратегиялық деңгейге жеткен қарым-қатынасымыздың ортақ болашағына сеніммен қараймыз. Сізге мықты денсаулық, бақыт, ал Қазақстан халқына бақуаттылық пен құт-береке тілеймін», – делінген жеделхатта.
Корея Халықтық Демократиялық Республикасының Жоғарғы халық жиналысы президиумының төрағасы К.Нам КХДР мен Қазақстанның қарым-қатынасы мен ынтымақтастығы екі ел халқының қалауы мен ұмтылыстарына сай кеңейіп, дами беретініне сенім білдіреді.
Польша Республикасы Министрлер кеңесінің вице-төрағасы Я.Пехочиньский Нұрсұлтан Назарбаев елдің орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған саясатты «Нұрлы жол» жолдауына сәйкес жалғастыра беретініне сенім білдірген.
«Мемлекеттеріміз арасындағы өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты дамыту саласында достық ниеттегі саясат жалғасады деп үміттенемін. Өз тарапымнан Польшаның маңызды экономикалық серіктесі – Қазақстанмен арада сауда және инвестиция саласындағы қарым-қатынасты тереңдетіп, одан әрі дамытуға қашанда мүдделі екенімізге Сізді сендіргім келеді», – делінген хатта.
Хорватияның экс-президенті С.Месичтің құттықтауында Қазақстан Президентінің сайлаудағы айқын жеңісі Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатын халықтың толық қолдайтынын көрсеткені атап өтілген.
«Сіз еліңізге күрделі кезеңдерде, тәуелсіздік алғаннан бүгінге дейін табысты басшылық еттіңіз. Еліңіздің болашағы ішкі үйлесім мен тұрақтылыққа байланысты екенін бағалай білдіңіз. Жаңа мандатпен де осы бағытты жалғастыратыныңызды білемін. Сізге мол табыс тілеп, Қазақстан халқының өсіп-өркендей беруіне ниеттестігімді білдіремін», – деп жазады автор.
Эстонияның экс-президенті А.Рюйтель Нұрсұлтан Назарбаевтың президент сайлауындағы айқын жеңісі Қазақстанды 2050 жылға қарай әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосу үшін басталған реформаларды жалғастыруға мүмкіндік беретінін айтқан.
«Эстония мен Қазақстан арасындағы достыққа және сенімге құрылған қарым-қатынастар ынтымақтастығымыздың қарқынды боларына кепілдік береді. Экономикалық өзара іс-қимыл, білім, ғылым және халықтарымыздың мәдени алмасуы салаларындағы екіжақты қадамдар жалғасады және екі мемлекеттің табысты өркендеуін қамтамасыз етеді деп үміттенемін», – делінген құттықтауда.
Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын қорғау ұйымының Шығыс Еуропа елдері жөніндегі өңірлік өкілі Н.Белев сайлау қорытындысы Нұрсұлтан Назарбаевтың отандастары арасындағы биік беделін толық қуаттағанына назар аударған.
«Қазақстан азаматтары өз таңдаулары арқылы елді жеделдетіп дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Сіздің саясатыңызды кеңінен қолдайтынын көрсетті», – деп жазады автор.
Ресей мұнай-газ өнеркәсіпшілері одағы кеңесінің төрағасы Ю.Шафраник дауыс беру қорытындысы Нұрсұлтан Назарбаев әзірлеген және елді басқарған жылдары жүзеге асырып келе жатқан экономикалық және саяси бағдарды халықтың толық қолдайтынын көрсеткеніне тоқталған.
«Қазақстан сіздің дана басшылығыңызбен қуатты, шын мәнінде тарихи секіріс жасап, экономикада, әлеуметтік өмірде, халықаралық қатынастарда керемет табыстарға жетті. Қазақ қалаларының өзгеріп жатқан ажары, ірі өнеркәсіптік нысандардың табысты жүзеге асырылуы, инфрақұрылымның дамуы, жаңа әлеуметтік ортаның қалыптасуы тәнті етеді. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстанды алда жаңа жетістіктер мен жеңістер күтіп тұрғаны күмәнсіз», – делінген жеделхатта.
«Шелл» концернінің атқарушы директоры Б.Берден өткен сайлаудың нәтижелері Қазақстан халқының жоғары сенімі мен қолдауын айғақтайтынын атап өткен.
Г.Әлиев атындағы «Әзербайжан-Қазақстан» республикалық достық қоғамының президенті Э.Гюнайдын «Қазақстан-2050» даму стратегиясы қысқа тарихи мерзім ішінде өңірлік көшбасшыға айналған мемлекет әлемнің жетекші елдері қатарына кіретініне сенімділік беретінін атап өткен.
Қазақстанның Судан Республикасындағы құрметті консулы М.Мохамед Қазақстан халқы өзін болашаққа бастай алатын қуатты көшбасшыны таңдағанына сенім білдірген.
«Бұл шын мәнінде лайықты нәтиже, өйткені бүкіл әлем Сіздің басшылығыңызға тамсанды, қазақстандықтарды экономикалық сын-қатерлерден қалай алып өтіп, оның ұлы мақсатына қарай ілгерілеткеніңізді көріп отырды», – делінген жеделхатта.
Ресейдің мемлекеттік қайраткері, саясаткер Е.Лигачев Мемлекет басшысына мықты денсаулық тілеп, еңбек адамының игілігі, бүкіл әлемдегі бейбітшілікті нығайту жолындағы Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы белсенді қызметіне ниеттестігін жеткізген.
«Комсомольская правда» газетінің бас редакторы В.Сунгоркин сайлау нәтижесі Қазақстан Президентінің халық арасындағы мінсіз беделінің және елді әлеуметтік-экономикалық дамыту, халықаралық аренадағы Қазақстанның ұстанымын нығайту бағытындағы саясатының қолдау тауып отырғанының дәлелі екенін айтады.
«Саясаткер үшін халықтың қолдайтынын білу өте маңызды. Сіздің керемет еліңіздің бұдан әрі өсіп-өркендеуіне ниеттестігімді білдіргім келеді», – деп жазады автор.
Риясыз құттықтаулары мен жылы лебіздерін Ресей Федерациясының Омск облысынан Н.Бабко, Өзбекстан Республикасынан К.Шурикова жолдады.
***
Нұрсұлтан Назарбаевты президент сайлауындағы жеңісімен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» мұнайгазконденсат компаниясының ұжымы мен кәсіподақ ұйымы да құттықтады.
«Сіз Қарашығанақ кенішін дамыту жөнінде шетелдік инвесторлармен арадағы келісімнің басы-қасында тұрып, оған қол қоюдың басты ұйымдастырушысы болдыңыз. Қазір Қарашығанақ бүкіл әлемге әйгілі», – делінген хатта.
Сондай-ақ, авторлар Мемлекет басшысына мықты денсаулық, табыс және бақуаттылық тілеген.
Алматы қаласы әкімінің Концерттік оркестрі ұжымы өкілдері Мемлекет басшысының көреген саясатының арқасында елдегі тұрмыс деңгейі өсіп, өзге елдердің көшбасшылары Қазақстанның бітімгершілік әлеуетінің зор екенін айтып жатқанына тоқталыпты.
Алматы қаласынан Abacus International компаниясы қызметкерлері өз құттықтауларында отандық туризм саласындағы оң үрдістерді атап өткен.
«Қазақстанда туризмді, әсіресе іскерлік туризмді дамыту ісі Орталық Азия елдері арасынан біздің мемлекеттің орнын айшықтап, ұстанымын ерекшелеп отыр. Туризм «Нұрлы жол» бағдарламасының құрамдас бөлігі ретінде ел дамуының тағы бір локомотивіне айналатынына, ал бұл саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы табысты іске асатынына сенімдіміз», –– деп жазады авторлар.
Қызылорда облысының Қармақшы, Сырдария, Жаңақорған аудандары жұртшылығының өкілдері өз құттықтауларында Мемлекет басшысына ел азаматтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мәселелеріне көңіл бөліп отырғаны үшін, Қазақстандағы тұрақтылық пен тыныштық үшін алғыс айтады. Сонымен қатар, олар еліміздегі тәуелсіздік жылдарындағы ауқымды оң өзгерістерді атай келе, Қазақстанның дамуында бұдан да биік белестерге қол жеткізілетініне сенім білдірген.
Алматы қаласындағы «Бөбек» мектеп-гимназиясының оқушысы Н.Күлдеев еліміздің болашағына қатысты Мемлекет басшысының болжамын өмірдің өзі растағанына назар аударыпты.
«Қазақстан шынында да заманауи және өркендеу үстіндегі, халықаралық аренада беделі бар мемлекетке айналды. Сіздің басшылығыңызбен республикамыз бүгінде үлкен өзгерістер жасауға қабілетті. Менің арманым – мектеп бітірген соң жоғары білім алып, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының табысты орындалуына бар күшімді салу», – делінген құттықтауда.
Бұдан бөлек, қолдау лебіздерін білдірген хаттар мен жеделхаттар астаналықтар – заң ғылымдарының докторы, профессор А.Сманнан, Д.Дүйсенбаевтан, Жамбыл облысы Мерке ауылының А.Қосанұлы атындағы №18 мектебінің оқушысы Ж.Ерінсізден, Алматы облысынан Ө.Бәрібековтен, Оңтүстік Қазақстан облысының имамы М.Хайтметовтен, З.Қалжановтан, павлодарлық С.Кежановтан, шымкенттік Н.Қуанышевадан келіп түсті.