Хатта авторлар 106-шы Қазақ кавалерия дивизиясының ерлігі туралы әңгімелейтін Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені «О чем молчал терновник...» атты деректі фильм түсіргені үшін зор алғыс білдірген. «Ұзақ жылдар бойы 106-шы Қазақ кавалерия дивизиясының тағдыры туралы ешқандай ақпарат болмады. Тек Тәуелсіздік жылдары, Қазақстан мен Украинадан шыққан іздестіру топтарының күш-жігері арқасында, әйтеуір қандайда бір мәліметтер пайда бола бастады. Осы дивизияның кавалеристері хабар-ошарсыз кеткендер болып саналып келген, ал олардың кейбіреуін тіпті сатқындар деп те атады. Президент Телерадиокешенінің 1942 жылы Харьков түбіндегі күші басым жаумен ұрыста қаза тапқан Қазақ дивизиясы жігіттерінің қайғылы тағдыры туралы фильм түсіргені мәні зор оқиға болды. Бұл біздің әкелеріміз бен аталарымыздың нағыз батыр болғандығын тағы да даусыз делелдейді», - делінген хатта. Хат авторларының пікірінше, деректі картинаның арқасында, айбынды Қазақ дивизиясы солдаттарының кіршіксіз абыройы қайта қалпына келтірілді, ал отандастарымыз сұрапыл соғыстағы тағы бір қайғылы жайт туралы шындықты білді. Хатта деректі фильмнің тарихи маңыздылығы атап өтілген, сондай-ақ, еліміз өсіп-өркендеп, жаңа биік жетістіктерге жете берсін деген игі тілек білдірілген.