Д.Мацуев өз хатында Классикалық музыканың бірінші халықаралық фестивалі және «Astana Piano Passion» жас пианистер конкурсы бүкіл музыка әлемі үшін тамаша оқиғаға айналғанын атап өткен.
Хат иесінің айтуынша, бұл іс-шараның табысты өтуіне Астананың жайлылығы ерекше рөл атқарған.
«Мен көптеген астаналарда болып жүрмін. Бүгінде Астананы әлемнің ең үздік астаналары қатарында атауға болады деп Сізді сендіргім келеді. Онда - айрықша рух, шабыт, және де Сіздің сүйіспеншілігіңіз бар. Мен кіммен кездессем де, барлығы да Сіздің бұл қаланы салып қана қоймай, оған ерекше шығармашылық шабыт сіңіргеніңізді айтады», - делінген хатта.
Д.Мацуев Қазақстан Президентіне өзіне фестивальдің көркемдік жетекшісі болуға сенім білдіргені үшін алғысын айта келе, конкурс отыз дарынды жас пианисті танытқанын мәлімдейді.
«Олар әлемнің үздік сахналарына шығады, бірақ олар табысқа бастаған жолы осы жерден, осы әсем қаладан басталғанын әрдайым есте сақтайтын болады», - деп атап өтілген хатта.
Ресейлік пианист конкурс мүшелері, көрнекті музыканттар мен әлемге белгілі педагогтер біздің республикамыздың пианистерінің дайындық деңгейі жоғары екендігін атап өткеніне ерекше тоқталған.
«Олар Қазақстанды ең беделді әлемдік музыкалық конкустарда лайықты танытатынына сенемін. Бұл балалар – Сіздің еліңіздің мақтанышы әрі болашағы», - деп жазады автор.
Қазақстан астанасында 2013 жылғы 10-16 мамырда болып өткен Классикалық музыканың бірінші халықаралық фестивалі мен «Astana Piano Passion» жас пианистер конкурсына классикалық музыканың әлемдік шеберлері мен жас таланттар жиналды.
Фортепиано өнері мен жас пианистер конкурсы жұлдыздарының концертін 7 мыңнан астам адам тамашалады. Конкурс өткізілген кезеңде онлайн режіміндегі трансляцияны 20 мыңнан астам адам тамашаласа, қатысушылардың өнер көрсетуінің жазбасын әлемнің түрлі елінен 100 мыңнан астам адам көрді.
Мәдениет қайраткерлерінің пікірінше, конкурс Қазақстандағы және барлық посткеңестік кеңістіктегі музыка өнері дамуының жарқын көрсеткішіне айналды.