Хат иесі елімізде зейнетақы жүйесін жаңғырту және әйелдердің зейнетке шығу жасын ұлғайту жөніндегі заң жобасына қатысты Президенттің үндеуін тыңдағанын және ол бастаманы қолдайтынын жазады. «Біз, Алматы қаласында тұратын «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері, ертеңгі зейнет жасынан үмітті әр салада қызмет істейтін қыз-келіншектер мен зейнет жасына жетіп қалған әйел-аналар онда айтылған мәселенің барлығына өз қолдауымызды білдіреміз», – делінген хатта. Н.Бейсембина өз хатында зейнетақы жүйесіне реформа қажет екенін, бірақ ол үшін ең алдымен оған қажетті алғышарттар жасап алу керектігін атап өтеді. Автор сол себепті зейнетақы жүйесін жаңғыртудың қажеттілігін халыққа жан-жақты түсіндіру маңызды екеніне тоқталады. «Ал зейнетақы жүйесін жаңғыртуды 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асыру қажет деген батыл шешіміңіз халықтың Өзіңізден күткен шешімі, Өзіңізге артқан сенімі еді. Ел сенімі ақталды. Осы орайда, Сізге айтар алғысымыз шексіз», – делінген хатта.