Өздерінің хатында авторлар өңірді дамыту мәселелеріне әрдайым көңіл бөлініп, өзекті жайттарға қатысты уақтылы шаралар қабылданып отыратыны үшін ризашылықтарын білдірген. Олар Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарының жүзеге асырылуынан үлкен үміт күтетіндіктерін айтады. Бұл орайда хат авторлары осы жоспардың мерзімін 2020 жылға дейін ұзарту қажеттігі туралы өз өтініштерінің назардан тыс қалмай, бөлінген қаржы көлемі бір жарым есе ұлғайтылғанын атап өткен.
«Бізді «Жезқазған-Қызылорда», «Жезқазған-Арқалық» автомобиль жолдарын салу және дамыту туралы шешім қуантады. Сіздің жеке бастамаңыз бойынша қолға алынған «Жезқазған-Бейнеу» теміржол құрылысының басталғаны да біздің өңір үшін өте маңызды деп есептейміз. Біздің өтінішіміз бойынша аталған теміржол құрылысының жобасына бірқатар оң өзгерістер енгізгеніңізді біз қуана қабылдадық. Бұл ісіңіз Сіздің қарапайым халыққа деген шынайы қамқорлығыңызды тағы бір мәрте дәлелдей түсті», – делінген хатта.
Жұртшылық өкілдері «Қазақмыс» корпорациясының барлық жұмысшыларды еңбекақыларын сақтай отырып, жөндеу жұмыстарына ауыстыру туралы шешімінің де маңыздылығын айтады.
«Бұл шешім біздің өңір жұртын жігерлендіріп, корпорация кәсіпорындары болашақта өзінің жұмысын жалғастыра береді деген үмітімізді оятты», – делінген хатта.
Хат соңында авторлар Мемлекет басшысына мықты денсаулық және табыс тілеп, оның бастамаларын әрдайым қолдауға дайын екендіктеріне сендіреді.