Мемлекет басшысының атына жолдаған хатында авторлар ауылдық аумақтарды дамыту мәселесіне көңіл бөлгені үшін барша ауылдастары атынан алғыстарын білдірген. Ақсақалдар кеңесінің өкілдері Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосуды мақсат еткен еліміздің 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясы қабылдануының маңызы зор екеніне тоқталған. Авторлар жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың арқасында өз ауылдарының қарқынды дамуын да атап өткен. «Достық ауылында бірлік пен келісімде өмір сүріп келе жатқан түрлі ұлт өкілдері өскелең буынды Отанға деген сүйіспеншілік рухында, сондай-ақ мәдени және адамгершілік құндылықтарды сақтауға тәрбиелеуде», – делінген хатта. Бұған қоса, Ақсақалдар кеңесінің өкілдері биылғы наурызда «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 300 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысы басталғанынан хабардар еткен. Хат соңында авторлар Мемлекет басшысын алда келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, өздерінің ең ізгі тілектерін білдірген.