Хатта авторлар Мемлекет басшысы жүргізіп отырған елді әлеуметтік-экономикалық жаңғырту және қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету саясатына қолдау білдіреді.
«Ұлттық валюта бағамына жасалған өзгеріс пен макроэкономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға бағытталған шараларды түсіністікпен қабылдаймыз. Теңге бағамына өзгеріс енгізілуі отандық өндірістің дамуына, инвестиция ағынына, жұмыспен қамтудың ұлғаюына септігін тигізіп, түпкі нәтижесінде азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беретініне сенеміз», – делінген хатта.
Өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің, шағын және орта бизнесінің өкілдері былтыр Шығыс Қазақстан облысы экономикасының түрлі салаларына көрсетілген мемлекеттік қолдау 50 миллиард теңгеден асқанын атап өткен.
«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін түсіне және Сіздің шақыруыңызға үн қоса отырып, біз өз кәсіпорындарымыздағы еңбеккерлердің еңбекақысы 10%-ға арттырылуын қамтамасыз етеміз», – делінген хатта.
Соңында хат иелері еліміздің агроқұрылымдарының барлық басшылары мен кәсіпкерлерін Қазақстанның одан әрі дамуын қамтамасыз етуге және өз кәсіпорындары еңбеккерлерінің еңбекақысын арттыру туралы Мемлекет басшысының бастамасын қолдауға шақырған.