Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Д.Трампты құттықтап, биыл елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толатынын атап өтті. «Сіздің басшылығыңызбен Америка Құрама Штаттары дүние жүзінде тұрақтылықты, қауіпсіздікті сақтау және өсіп-өркендеу жолында тірек болып қала беретініне сенімдімін», – делінген жеделхатта. Елбасы Қазақстанның 2017-2018 жылдарда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болуы әріптестігіміздің маңызды кезеңіне айналатынына сенім білдірді. «Біз Кеңес жұмысына елеулі үлес қосып, АҚШ-пен барлық өзекті мәселелер бойынша өзара тиімді іс-қимыл жасауға әзірміз», – делінген жеделхатта. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трампқа табыс тілеп, оны Қазақстанға сапармен келуге шақырды.