National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы атына оның туған күніне және Астана күніне байланысты келіп түскен құттықтаулар

2015 жылғы 09 шілде

 

Қазақстан Президентінің атына саясаткерлерден, қоғам қайраткерлерінен, білім және ғылым саласы өкілдерінен құттықтау хат-хабарлары әлі де келіп түсіп жатыр.

Мәселен, Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Т.Сариев Қырғызстан халқы Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен құрметпен қарайтынын айтады. «Бауырлас халықтарымыз арасындағы достық қарым-қатынасты дамытып, нығайту ісіне Сіздің қосқан зор үлесіңізді ризашылық және алғыс сезіммен атап айтамыз. Қазақстанмен арадағы екіжақты байланыстарды өрістетуге Қырғызстанның зор мән беріп отырғанын тағы да растағым келеді», – делінген хатта.

Ресей Федерациясы Қарачай-Черкес Республикасының басшысы Р.Темрезов Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі Қазақстанның тарихымен және оның халқының тағдырымен берік байланысты екеніне тоқталған. «Нағыз көшбасшы ретінде Сіз өзіңіздің күш-қайратыңызды, өмірлік және кәсіби тәжірибеңізді Қазақстанның мемлекеттілігі мен егемендігін,  саяси тұрақтылығын нығайтуға,  әлеуметтік-экономикалық дамуына, этносаралық және конфессияаралық татулықты сақтауға жұмсап келесіз. Шынайы интернационалист және өз Отанының патриоты ретінде елдің күші оның халқының бірлігінде екенін сіз әрдайым түсіне білдіңіз», – деп жазады автор.

Өз кезегінде Моңғолияның Тұңғыш Президенті П.Очирбат моңғол халқы Нұрсұлтан Назарбаевты еңбегінің тарихи маңызы бар мемлекет қайраткер ретінде жақсы білетінін айтқан. «Сіз Моңғолия мен Қазақстан арасында достық қарым-қатынас пен ынтымақтастықты дамыту бағытында игі іс бастадыңыз. Сіз алға қойған биік мақсаттың бірі Қазақстанды әлемнің 30 дамыған елінің қатарына қосу болғандықтан, еліңізді жарқын болашақ күтіп тұр», – делінген хатта.

Ресей Федерациясының Мәдениет жөніндегі қоғамдық палатасының комиссиясы төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық «Жанды ғаламшар» экологиялық қозғалысы басқармасының төрағасы Н.Дроздов Қазақстан тәуелсіздігінің орнығуындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлі әлемдік қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланғанын атап өткен. «Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан халықтың әл ауқатын жыл өткен сайын арттырып, этносаралық келісімді нығайтып, өзге мемлекеттермен бейбіт диалог орнатып әрі оны өрбіте отырып,  қалыптасудың күрделі жолынан өтті және зор экономикалық табыстарға жетті», – деп жазады автор.

Демократиялық «Ак жол» партиясының төрағасы А.Перуашев заманауи мемлекеттілікке қол жеткізуден басталып, Ұлы дала төсінде ғажайып Астананы салумен аяқталатын бүгінгі Қазақстанның әрбір жетістігі Нұрсұлтан Назарбаевтың табандылығымен, прогрессивтік саяси жігерімен тікелей байланысты екенін айтқан. Сондай-ақ ол іс жүзінде тек әкімшілік орталық емес, елдің мәдени және рухани жүрегіне айналған Астананың 17 жылдығын мерекелеу жоғары деңгейде өткеніне, назар аударды.

Қазақстандық кәсіби заң конкурсының лауреаттары өз хаттарында  республикамыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен гүлдене түсіп, бүкіл әлемді мойындатуын жалғастырып келе жатқанын жазыпты. «Біздің жан-жүрегіміз Сізге деген мақтаныш сезіміне толы. Қазақстанды жеңісті бір белестен екіншісіне бастаудағы Сіздің батылдығыңыз бізді қанаттандырады. Сіздің «100 қадам» атты бағдарламаңыз жаңа реформаларға әр азаматтың атсалысуы үшін жаңа көкжиектерге жол ашады», – делінген хатта.

А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің ұжымы халықаралық байланыстардың кеңеюі, маңызды саяси шешімдердің қабылдануы, көптеген инвестициялық жобалардың іске асуы, экономикалық даму, тұрақтылық пен бірлік Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының нәтижелері екеніне назар аударған.

Сондай-ақ өз құттықтауларын Чехиядан Д.Селиванов, Украинаның Киев қаласынан А.Мурашко, Алматы қаласы мен Алматы облысынан Үлескерлердің бірыңғай үйлестіру кеңес мүшелері, Атырау облысы Индер кентінен А.Есенғалиева, Қызылорда облысы Арал қаласынан Қ.Ерғазиев, Алматы қаласынан С.Люлина, Қарағанды қаласынан С.Әубәкірұлы және Шегіровтар отбасы, Жамбыл облысынан Н.Байшөкенов, Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласынан Е.Оразалин, Солтүстік Қазақстан облысынан Б.Баймағамбетова, сондай-ақ Астана қаласынан Б.Тәжіманова және Шевченколар отбасы жолдады.

Жылы лебізді құттықтаулар қазақстандық жастар өкілдерінен – Алматы облысы Есік қаласынан Ә.Азаттан, Алматы қаласынан  С.Бациевтен келіп түсті.

Мемлекет басшысын ерекше өлең жолдары арқылы Оңтүстік Қазақстан облысынан Т.Қожанов және Павлодар облысынан Д.Ақатаев құттықтады.

Мемлекет басшысы атына құттықтау хаттары мен жеделхаттары әлі де келіп түсуде.  


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің