National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзіне хат жазған Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық науқанның Хиросима қаласы Жастар комитетінің өкілдеріне жауап хат жолдады

2012 жылғы 11 қыркүйек

 

Авторлар өз хатында бұдан 67 жыл бұрын атом бомбасы өздерінің қаласын қиратқанын және бір сәтте он мыңдаған жазықсыз адамдардың өмірін қиғанын атап өтеді.

«Хиросима қаласының жастары ретінде біз Жер болашағына бұрынғысынша 20 мыңға жуық ядролық заряд қауіп төндіріп отырғанына қатты алаңдаймыз. Біз Сізге және басқа да көшбасшыларға осы қауіпті жоюға көмектесу туралы өтінішімізді білдіреміз. Біз әрқайсысы ядролық қару әлемінен еркін, тыныш үшін әлем үшін дұға болып саналатын қолдан жасалған 1000 қағаз тырнаны өз хатымызға сыйлық ретінде қоса жолдап отырмыз» делінген хатта.

Хат иелері ядролық сынақтарға жаhандық тыйым салу жұмысы үшін барлық әлемдегі адамдарды рухтандыру мақсатындағы науқанды іске асыру аясында Мемлекет басшыларының үндеуін жариялау жөніндегі жоспарлары туралы айтқан.

«Егер үкімет пен азаматтар әлемді осы жойқын қарудан құтқару үшін жұмыстар жүргізбесе, онда біз тап болған жағдайға бір күні басқа қала да тап болуы мүмкін деп қауіптенеміз. Әлем жастарының елшісі ретінде біз осындай қатерлі оқиғаның қайталанбауы үшін қолымыздан келетіннің бәрін жасауға тиістіміз - сол себептен біз Сіздің қолдауыңызға мұқтажбыз» деп атап өтілген хатта.

Қазақстан Президенті жауап хатында 1945 жылғы 6 тамыз атомдық бомбылаудан жапа шеккен жапон халқының қаралы күні ретінде адамзат тарихына мәңгілік енгенін атап өткен.

«Қазақстан халқы, бізге жақын жапон халқы сияқты, ядролық қарудың жан-түршігерлік сұмдықтарын басынан өткерді және басқаларға қарағанда ядролық сынақтардың алапат салдарлары туралы біледі. Менің Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойғаныма 21 жыл өтті. Осы біздің халқымыздың еркі бойынша жасалған тарихи акт аса өркениетті маңызға ие. Қазақстан ядролық үрейді өзінен ығыстырып шығарды және ядролық арсеналмен сес көрсетудің барлық қорқынышынан құтылды» делінген хатта.

Мемлекет басшысы ядролық сынақтардың қайғылы салдарлары туралы,  оларға түпкілікті және үзілді-кесілді тыйым салу жөнінде анағұрлым батыл іс-қимыл жасауға жаhандық жұртшылықты жұмылдыру үшін бүгін тағы да бір рет әлемге ескерту жасауға мүмкіндік бар екендігін атап көрсеткен.

«Дәл осы мақсатта мен биыл 29 тамызда Астанада өткен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференцияда Қазақстан тарапынан «АТОМ» халықаралық жобасын іске қосатынымыз туралы жария еттім. Жобаның атауы ағылшын тіліндегі:  «Abolish Testing. Our Mission» төрт бас әріптен құралған. Яғни, «Сынақты Болдырмау – Біздің Миссиямыз» деген мағынаны білдіреді. Жоба аясында ядролық қаруға қарсы үн қатқысы келген әлемдегі кез келген адам онлайн-петиция арқылы www.theatomproiect.org сайтына жазылып, әлем үкіметтерін ядролық сынықтардан біржола бас тартуға шақыра алады және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы Шарт­тың күшіне енуіне жылдам қол жеткізе алады, - деп атап өткен Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті өзінің үндеуінде адресаттарды және барлық ізгі тілекті адамдарды «АТОМ» жобасын қолдауға және біздің басты мақсатымыз – ядролық қарусыз әлем құруға шақырады.

«Тек осылайша ғана біз балаларымыздың және немерелеріміздің анағұрлым бейбіт және қауіпсіз болашағын қамтамасыз ете аламыз» делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың хатында.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің