National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Индонезия Республикасының Президенті Сусило Юдойоно бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен брифинг өткізді

2013 жылғы 02 қыркүйек

 

Өз сөзінде Қазақстан Президенті географиялық алшақтығына қарамастан, екі мемлекет пен халықты көп нәрсе біріктіретінін атап өтті.

– Индонезия – жер шарындағы ең тұрғыны көп мұсылман елі. Қазақстан да Индонезия сияқты көп ұлтты мемлекет болып саналады. Екі ел одан әрі дамуының өршіл жоспарларын жүзеге асыруда және тиісті стратегиялық бағдарлама қабылдады. Өздеріңіз де білесіздер, Қазақстан алдына әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына ену міндетін қойды. Өз кезегінде Индонезия экономика аясын ұлғайту және жедел дамыту жөніндегі бас жоспарын қабылдады. Ол елдің 2025 жылға қарай әлемдегі экономикасы ірі он елдің қатарына кіруді көздейді. Осылайша, екі ел өзара тиімді ынтымақтастық аясын кеңейтуге және тереңдетуге мүдделі, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев өзара сауда көлемі әзірге 100 миллион долларға да жетпегенін, экономиканың әлеуетіне сай еместігін және бірлесе отырып белсене күш салуды талап ететінін мәлім етті.

– Қазақстан бірлескен инвестициялық және жоғары технологиялық жобаларды іске асыруға мүдделі. Бізде жұмыс істеуге ниетті Индонезия бизнесін қолдауға дайынбыз. Қазірдің өзінде екі елдің компаниялары өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм салаларында белсене ынтымақтасуда. Сонымен қатар, экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге орныққан көлік бағыттарының болмауы айтарлықтай кедергі келтіруде. Біз Қазақстан мен Индонезия қалалары арасында әуе қатынасын ашу қажеттігі туралы айттық. Бұл да біздің азаматтарымыздың тиімді туристік сапарын ынталандыратын болады, – деді Қазақстан Президенті.        

Мемлекет басшысы үкіметаралық комиссияның өзара іс-қимылдың аталған бағыттарын жандандыратынын атап өтті. 

– Біз Қазақстан-Индонезия бизнес-форумын өткізуді қолдаймыз. Президент Юдойономен бизнесмендердің үлкен тобы бірге жүр. Біздің іскер адамдарымыз байланыс орнатады деп ойлаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті екі ел де көптарапты форматта белсене ынтымақтасып отырғанын атап өтті.

– Индонезия – АСЕАН-ның «Үлкен жиырмалыққа» кіретін бірден-бір мүшесі. Бұл Қазақстан қонақ ретінде қатысатын Санкт-Петербургтегі алдағы G20 саммитінің қарсаңында ерекше өзекті. Біз Ислам ынтымақтастық ұйымы мен АӨСШК тәрізді беделді форумдар аясында тығыз ынтымақтасып отырмыз. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыруға бастамашы ретінде біз Индонезия АӨСШК-тің бақылаушысы ретіндегі өз мәртебесін оның толыққанды мүшесі деңгейіне көтереді деп сенеміз. Біз ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу құқығына ұсынылған Астананың кандидатурасына қолдау көрсеткені үшін де Индонезия тарапына алғыс айтамыз. Оған дайындық жасауға және өткізуге Индонезияның белсенді атсалысуы біздің елдеріміздің экономикасының одан әрі артуына және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға қызмет ететініне сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев С.Юдойономен былтырғы уағдаластықтар нәтижесінде бүгін Қазақстанда Индонезияның Мәдениет күндерінің ашылу рәсімі өтетінін де мәлім етті.

– Бұл дипломатиялық қарым-қатынастардың бүкіл тарихында алғаш рет өтуде. Қазақстандықтар іс-шараларды зор қызығушылықпен тамашалайтын болады деп ойлаймын. Келесі жылы Индонезияда Қазақстанның Мәдениет күндері өтеді, ол да елдеріміз арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға септігін тигізетін болады, – деді Қазақстан Президенті.      

Индонезия Республикасының Президенті өз кезегінде Қазақстанға алғаш рет және Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен сапармен келіп отырғанын атап өтті.

– Қазақстан басшысының біздің елге сапары айтарлықтай жемісті болып, серіктестігімізге жаңа мүмкіндіктер ашты. Бүгін біз ынтымақтастықтың кең ауқымды, соның ішінде өңірлік саясат мәселелерін қозғап, өте сындарлы келіссөздер өткіздік. Мен сауда-экономикалық әрекеттестіктің әрі қарай жанданатынына сенімдімін және біздің елдеріміздің арасындағы тауар айналымының көлемі таяудағы 4-5 жылда 100 миллион долларға жетеді деп үміттенемін. Біздің елдеріміз, әсіресе экономикамыздың қарқынды дамуын ескерсек, зор ынтымақтастық әлеуетіне ие, – деді С.Юдойоно.

Индонезия басшысы үкіметаралық комиссиялар қызметіне де тоқталды.

– Олар қол жеткен уағдаластықтарды жүзеге асыра алатынына, сондай-ақ екіжақты ықпалдастықтың жаңа жоспарын әзірлейтіндігіне зор үміт артамын. Бұған қоса, біздің елдеріміздің өзге салаларда да орасан зор әлеуеті бар екені жөнінде мен Қазақстан Президентімен келісемін. Бұл білім беру, ғылым, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне қатысты, – деп атап өтті Индонезия Президенті.  

Келіссөздер қорытындысы бойынша Мемлекет басшыларының Бірлескен декларациясы қабылданып,  Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Индонезия Республикасы Үкіметі арасында Қазақстан Республикасы мен Индонезия Республикасы арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссия құру туралы меморандумға,  Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Индонезия Республикасы Білім және мәдениет министрлігінің арасында Мәдениет саласындағы ынтымақтастық жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің