Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан Президентіне Қазақстанға сапары үшін тағы да ризашылығын білдіріп, жоғары деңгейдегі келіссөздердің нәтижелі өткенін атап көрсетті.
- Біз келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық өзара ықпалдастықты нығайтудың кең ауқымдағы мәселелерін талқыладық, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы одан арғы ынтымақтастық жөнінде пікір алмастық. Бұл сапар елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтереді деп санаймын, - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Түрікменстанды Орталық Азиядағы маңызды стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.
- Бүгін біз түрлі салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған және қарым-қатынастарымызға қосымша серпін беруге арналған бірқатар маңызды екіжақты құжаттарға қол қойдық. Екі ел арасындағы тауар айналымы айтарлықтай өскеніне қарамастан, ол елдеріміздің экономикасының әлеуетіне толық сай емес. Сонымен қатар, біз Қазақстан-Түрікменстан арасындағы шекара маңындағы және инвестициялық ынтымақтастық перспективаларын талқыладық. Қазақстан мен Түрікменстанның «Өзен-Берекет-Горган» теміржол учаскесі іске қосылуын көпқырлы серіктестігіміздің тарихи кезеңі деп санауға болады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті осының барлығы бірлескен қажырлы еңбектің нәтижесі екеніне тоқталды.
- Сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Біз Қазақстанның мәдениеті күндерін Түрікменстанда және Түрікменстанның күндерін бізде өткізуге келістік. Өткізілген келіссөздер бауырлас екі мемлекеттің өміріндегі елеулі оқиға екеніне сенімдімін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Түрікменстан Президенті қонақжайлылық пен жылышырайлы қабылдау үшін, сонымен қатар, бірлескен жемісті жұмысқа жағдай жасалғаны үшін шынайы ризашылығын білдірді.
- Екіжақты келіссөздер барысында біз сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымдағы мәселелерін қарастырып, өңірлік және халықаралық тақырып бойынша пікір алмастық. Ортақ сенім және өзара түсіністік ахуалында өткен келіссөздер нәтижесінде өзара іс-қимылдың нақты бағыттары айқындалды. Келіссөздер бауырлас халықтар арасындағы қалтқысыз ынтымақтастықты, тату көршілік байланыстарды нығайтуға деген екі елдің ықыластылығын айғақтай түсті.
Гурбангулы Бердімұхамедов өзара тиімділік пен теңқұқықтылық қағидаттары негізінде қарышты әрі үдемелі дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынастарға жоғары баға берді.
– Біз өзара ықпалдастығымыздың бірқатар бағыты бойынша маңызды құжаттарға қол қойдық. Қазақстанмен ынтымақтастығымызды басымдығы бар бағыттың бірі ретінде қарастыра отырып, біз оған ерекше мән береміз. Қазақстан – біздің өңірдегі маңызды және сенімді серіктесіміз екенін атап айтқым келеді, - деді Түрікменстан Президенті.
Сапар қорытындысы бойынша Мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесіне, Сыртқы саяси ведомстволар арасындағы хаттама мен бағдарламаға, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы мен Түрікменстан Ғылым академиясы арасындағы келісімге, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Түрікменстан темір жолдары» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.