Жеделхатта шейх Хамад бен Халифаның 1999 жылы Қазақстанға жасаған тұңғыш ресми сапары екі ел халықтары арасындағы мызғымас достық байланыстарды қалыптастыру үшін негіз қалағаны атап өтіледі. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев шейх Хамад бен Халифаның тікелей қолдауымен жас елордамызда бой көтерген «Нұр-Астана» Ислам мәдени орталығы қаламыздың көз тартар көркіне айналғанын атап өткен. «Бұл рухани орталық Қазақстан мен Катар арасындағы шынайы достықтың рәмізіне айналғанын ризашылықпен атап өтемін және әмір шейх Тамимнің басқаруы кезінде екіжақты қарым-қатынастардың қарқынын жоғалтпай, ынтымақтастығымыз тек тереңдей түсетініне кәміл сенемін», – делінген жеделхатта. Соңында Мемлекет басшысы достас Катар халқына бақ-береке және мол игілік тілеген.