Мемлекет басшысы Франция Президентімен жүргізілген келіссөздер барысында екіжақты ықпалдастықтың кең ауқымдағы мәселелері талқыланғанын атап өтті.
– Біз еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңіне француз компанияларының қатысу мүмкіндіктеріне ерекше көңіл бөлдік. Қазақстан бұл бағдарламаға қатысатындарға айрықша жеңілдіктер жасап отыр. Сондай-ақ француз тарапы «ЭКСПО-2017» көрмесіне әзірлікке және оны өткізуге атсалысуға ықылас танытты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті екі елдің білім беру саласындағы ынтымақтастық жайына мемлекет басшылары ерекше назар аударғанын айтты.
– Бүгін білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылады. Олар дипломдар мен университеттік дәрежелерді өзара тануға, тілдерді белсендірек меңгеруге және ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Ертең Алматыда «Сорбонна-Қазақстан» институтының – Орталық Азиядағы тұңғыш француз жоғары оқу орнының салтанатты ашылуы болады, – деді Мемлекет басшысы.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстанның ЕО-мен ынтымақтастығының бірқатар өзекті мәселелеріне қатысты Франция тарапының қолдауы жөніндегі маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді, сондай-ақ Еуропалық Одақ пен ЕАЭО арасында диалог орнату мүмкіндігі қарастырылды.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев елдеріміз Украинадағы дағдарысты реттеу мәселесіне қатысты ұстанымы бірдей екенін айтты.
– Біз халықаралық саяси жағдайды ушықтыратын және тек Еуропа мен Азияның ғана емес, бүкіл әлемнің экономикасына теріс әсерін тигізетін бұл дағдарысты еңсеру үшін ортақ келісім болғанын қалар едік. Қазақстан қажетінше күш-жігер жұмсауға әзір, Франция Президенті бұл істе бізді қолдап отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сондай-ақ Украинадағы оқиғаларға байланысты ахуалдың көпқатпарлы екеніне, оны мейлінше кең ауқымда қарастырған жөн екеніне тоқталды.
– Халықаралық құқық нормалары бұзылды, ірі мемлекеттердің басшылары арасындағы сенім азайды. Бұл ретте дағдарыс атаулының шексіз жалғасуы мүмкін еместігін, ал кез келген соғыс, ерте ме, кеш пе, бейбітшілікпен бітетінін есте ұстаған жөн. Сондықтан бір-бірін аяусыз тығырыққа тіреу жақсы шешім емес. Біз Франция Президенті екеуміз бітім іздеу және қалыптасқан жағдайдан шығу қажеттігі туралы қорытындыға келіп отырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы әлемдік экономикадағы қиындықтар екі елдің қарым-қатынастарына ықпал етпейтініне назар аударды.
– Біз өнеркәсіпте Франциямен бірлесіп 10 жобаны жүзеге асырдық, тағы 18-і бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұлар машина жасау, байланыс, ғарыш, медицина, фармацевтика, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылымдарға қатысты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Экономикалық қана емес, қоғамдық тұрақтылық мәселелеріне де тоқталған Елбасы этникалық ерекшеліктер бойынша тыйым салатын заңдар қабылданған бірқатар еуропалық елдерге қарағанда, Қазақстанда адам құқығы барынша кең көлемде қамтамасыз етілгенін атап көрсетті.
– Біздің елімізде 100-ге жуық ұлттың өкілі тұрады, олар тең құқыққа ие, тілдері мен мәдениеттері қорғалған. Түрлі этностардың тілінде оқытатын мектептер жұмыс істейді. Діни конфессиялар қызмет істеп, мінәжат орындары салынуда. Біз осылайша адамның маңызды құқықтарын қамтамасыз етудеміз. Біздің өз тарихымыз, мәдениетіміз бен дәстүріміз бар және одан бас тартпаймыз. Әлемде қалыптасқан демократиялық стандарттарды құрметтеп және соларға ұмтыла отырып, біз өз болмысымыздан ажырағымыз келмейді. Егер барлық елдер бір-бірінің ерекшелігін ескеретін болса, өзара түсіністік жақсы бола түсер еді, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасының пайымдауынша, екі елдің стратегиялық серіктестікті қазақ-француз қарым-қатынастарының барлық бағыты бойынша нығайтуға ұмтылысын нықтайтын, мемлекет басшыларының Бірлескен декларациясын қабылдау келіссөздердің маңызды қорытындысы болды.
Франция Президенті екі елдің стратегиялық серіктестігінің маңызды бір бағыты саяси және дипломатиялық ынтымақтастық болып саналатынына тоқталды.
– Қазақстан Орталық Азияда көшбасшылық рөл атқарады, түрлі бастамалар қабылдау мүмкіндігіне ие. Франция сіздермен көптеген бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Біздің бәріміз Украинадағы ахуалға байланысты болып жатқан эскалацияға, бүкіл өңірге әсер етуі ықтимал экономикалық салдарларға алаңдаймыз. Сондықтан осы тұйықтан шығудың шешімдерін іздеген жөн. Ол Минск хаттамасының аясына, яғни аумақтық тұтастық, оқ атуды доғару және Украинаның шығыс өңірлерін орталықсыздандыру қағидаларына сәйкесуі тиіс, – деді Ф.Олланд.
Ол сондай-ақ халықаралық қауіпсіздіктің өзге де сын-қатерлеріне байланысты бірлескен жұмыс жүргізу қажеттігін айтты.
– Біз терроризммен күреске, Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты өзара саяси ықпалдастығымызды дамытуға тиіспіз. Бұл өңірге әлемнің түрлі елдерінен келетін, көптеген халықаралық содырлар бар, олар осында дайындықтан өтеді. Осының бәрі олар өз елдеріне оралған кезде құрдымға бастайтын зиянды салдарларға соқтыру мүмкіндігін туындатады, – деді Франция Президенті.
Ф.Олланд Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы оның Еуропалық одақ елдерімен қарым-қатынасын күрделендіре қоймайтынына назар аударды.
– Қазақстан 2015 жылы жұмысын бастайтын Еуразиялық экономикалық одақтан мүлде бас тартпауға тиіс. Бұл – теңгерімге, бұдан арғы экономикалық және саяси тұрғыдан даму үшін қажетті қадамдар жасауға байланысты мәселе. Сондықтан мен Қазақстан Президентінің елді дамыту және оның еуропалық серіктестерімен қарым-қатынасы жөніндегі барлық бастамаларын барынша қолдаймын. Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Дүниежүзілік сауда ұйымына да одан әрі жақындай түскенін қалаймын, – деді Франция Президенті.
Ол екі елдің игілігі тікелей байланысты болатын экономикалық ынтымақтастықтың жаңа салаларын түзудің маңыздылығын атап өтті.
– Қазақстанда ең алғашқы француз кәсіпорындары энергетика саласында жұмыс жүргізді. Біз енді Қазақстан экономикасын әртараптандыру бағытында – агроөнеркәсіптік кешен, туризм, денсаулық сақтау және келісімдер қабылданған басқа да салаларды назардан тыс қалдырмай ынтымақтасамыз деп шештік,– деді Ф.Олланд.
Франция Президенті өз елінің Қазақстанды жоғары оқу орындарын дамыту мәселесі бойынша да қолдауға әзір екенін білдірді.
– Біз сіздің еліңізбен жоғары деңгейде ынтымақтастық орната аламыз. Бұл дипломдарды өзара мойындауға және Қазақстан мен Франция жоғары оқу орындары арасындағы зерттеу, ғылыми, университеттік ықпалдастық салаларында жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік беретін келімдерге қол қоюға байланысты мәселе, – деді ол.
Ф.Олланд Францияның экономикалық ахуалына байланысты көрсеткіштер 2014 жылы күткен межеден төмендеу болғанын мойындады.
– Экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ынтымақтастық пен өзара капитал жұмсауды арттыру керек. Францияда Қазақстан инвестицияларының көбейіп, біздің еліміздің де экономикалық дамуына толыққанды қатысуына жағдай туғызған жөн. Сонымен қатар, қазір елдің бәрі едәуір инвестицияны талап ететін климат өзгерістерімен бетпе-бет келуде. Осыған орай, елдеріміздің арасында жаңартылған қуат көздері инфрақұрылымын құру үшін зор мүмкіндіктер бар, – деді Франция Президенті.
Соңында Ф.Олланд Қазақстанда әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу жөніндегі алға қойған мақсатына жету үшін қажетті нәрсенің бәрі бар екенін атап өтті.
***
Мемлекет басшылары келіссөздер қорытындысы бойынша Бірлескен декларация қабылдады. Сондай-ақ екі ел арасында бірқатар төмендегідей құжаттарға қол қойылды:
- Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Француз Республикасы Ұлттық білім, жоғары білім және ғылым министрлігі арасында университеттік ынтымақтастық, ғылым және кәсіптік білім саласындағы келісім;
- Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Француз Республикасы Ұлттық білім, жоғары білім және ғылым министрлігі арасында дипломдарды, университеттік дәрежелерді және оқыту кезеңдерін өзара тану туралы келісім;
- Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Француз Республикасы Орталықсыздандыру және мемлекеттік қызмет министрлігі арасында Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының мемлекеттік басқару саласындағы екіжақты ынтымақтастығы туралы серіктестік келісім;
- Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Француз Республикасы Экология, орнықты даму және энергетика министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Француз Республикасы Үкіметі арасындағы Жерді қашықтан зондтау ғарыштық жүйесін және ғарыштық аппараттардың құрастырмалы-сынақтық кешенін жасау және пайдалану шарттары туралы 2009 жылғы 6 қазандағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;
- Қазақстан Республикасы Инвестиция және даму министрлігі мен Француз Республикасы Сыртқы істер және халықаралық даму министрлігі арасында тау шаңғысы туризмі саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум.