National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл-Халифа бірлескен баспасөз конференциясын өткізді

2014 жылғы 14 сәуір

 

Баспасөз конференциясы барысында Нұрсұлтан Назарбаев Бахрейн Королінің сапары екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту үшін маңызды мәнге ие екенін атап өтті.

– Бахрейн – Парсы шығанағындағы ел, Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш танығандардың бірі. Біз Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында Корольдіктің көрсеткен қолдауын ұмытпаймыз. Бахрейн – біз үшін бүгінде араб әлеміндегі басты мемлекеттердің бірі. Екі ел арасы қашық екеніне қарамастан, біздің қарым-қатынасымыз ешқашан үзілген жоқ, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы келіссөздердің маңызды әрі жемісті өткеніне тоқталды.

– Әңгімелесу барысында Қазақстан – Бахрейн ынтымақтастығының түрлі салалары талқыланды. Қол жеткізілген уағдаластықтар біздің серіктестік қатынастарымыздың жаңа парағын ашты. Біз бірқатар өзекті мәселелер жөнінде пікір алмастық. Бүгін талқыланған барлық тақырыптар бойынша біз өзара түсіністікке қол жеткізгенімізді атап өтпекпін. Бұл біздің көзқарастарымыз бен ұстанымдарымыздың ұқсастығын, сондай-ақ өзара мүдделестігімізді білдіреді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті сапар аясында бірнеше негізгі салаларды қамтитын, соның аясында ынтымақтастықтың басым бағыттары анықталған бірқатар ведомствоаралық құжаттарға қол қойылғанына назар аударды.

– Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінің маңыздылығын ескере отырып, Қазақстан Бахрейнге ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастық орнатуды ұсынады. Сонымен қатар, елдеріміз арасында бірлескен инвестициялық қор құрылады. Ол Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, Бахрейннің алюминий өнеркәсібін дамытуда мол тәжірибесі бар. Біз «ALBA» компаниясымен ынтымақтасып, елімізде алюминий кластерін құру жөнінде жұмыс жүргізетін боламыз. Тиісті министрліктер бұл саладағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, біздің мемлекеттеріміз Қазақстанда ислам банкингі жүйесін дамыту үшін ынтымақтастық орнату ниетін көздеп отыр. Бізді исламдық қаржыландырудың ірі орталығының бірі болып саналатын Бахрейннің тәжірибесі қатты қызықтырады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Корольдің сапары аясында алғаш рет бірлескен бизнес форум өтетінін, оған екі елдің ірі компанияларының жетекшілері қатысатынын атап өтті.

Қазақстан Президенті келіссөздер барысында Бахрейн басшылығы Қазақстанның халықаралық бастамаларын қолдағанына назар аударды.

– Атап айтқанда, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болу үшін біздің еліміздің кандидатурасын Бахрейн қолдайды деп үміттенеміз. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің мүшесі ретінде Бахрейн АӨСШК-нің өзгеруі үдерісіне де үлес қосу ниетінде. Манама азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы жұмысына атсалысуға әзір. Сондай-ақ Бахрейн Үкіметінің халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне белсене қатысу ниеті бары айтылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Бахрейн Королінің ресми сапары және жүргізілген келіссөздер жалпы алғанда кең ауқымдағы мәселелер бойынша өзара іс-қимылға серпін беретінін атап өтті.   

– Нақты мәселелер бойынша біз елдеріміз арасында Іскерлік Кеңес, үкіметаралық комиссия құруға шешім қабылдадық, сондай-ақ елдеріміз арасында тікелей әуе жолы рейстерін ашу тақырыбын талқыладық. Бұл орайда қазақстандықтар үшін виза тура әуежайдың өзінде берілетін болады. Сонымен қатар экономикаға қатысты мәселелер талқыланды.  Қосарланған салық салуды болдырмау, елдеріміз арасында инвестицияны қорғау туралы келісімге қол қою екі мемлекеттің бизнес топтарының өкілдеріне тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты қарым-қатынастар сапалы жаңа деңгейде дамитындығына сенім білдірді.

Өз кезегінде Хамад бен Иса Әл-Халифа Қазақстанмен тығыз байланысты жолға қою Бахрейн үшін негізгі мақсаттың бірі екенін атап өтті.

– Қол қойылған меморандумдардың маңызды мәні бар және екі елдің де мүддесіне сай келеді. Осы сапар барысында біздердің іскерлік топтарымыз өкілдері арасында байланысты жолға қоюға күш салынды. Көптеген инвестициялық-қаржылық мәселелер талқыланды. Біз инвестициялық әлеуетті әсіресе банк саласында толық жүзеге асыруға шақырдық. Бахрейн Парсы шығанағындағы өзге де араб елдерімен бірлесіп, Қазақстанмен еркін сауда туралы келісімге қол қою үшін күш-жігер жұмсайтын болады, – деді Бахрейн Королі.

***

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі мемлекет басшысының  Бірлескен мәлімдемесі қабылданып, төмендегідей құжаттарға қол қойылды: 

- Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Бахрейн Корольдігінің Сыртқы істер министрлігі арасында екіжақты консультациялар жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

- Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Бахрейн Корольдігінің  Индустрия және коммерция министрлігі арасында өнеркәсіп, инвестиция және шағын және орта кәсіпорындарды дамыту саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

- Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Бахрейн Корольдігінің  Индустрия және коммерция министрлігі арасында азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы  өзара түсіністік туралы меморандум.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің