National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Иран Президенті Хасан Рухани бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді

2014 жылғы 09 қыркүйек

 

Нұрсұлтан Назарбаев елімізге алғашқы сапары үшін Х.Руханиге ризашылығын білдірді.

– Екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту үшін Сіздің бұл сапарыңыздың маңызы өте зор. Иран – әлемдегі аса ірі және маңызды әріптесіміз әрі Каспий жағалауындағы тату көршіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті жүргізілген келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар нақты мәселелері талқыланғанын айтты.

– Біз жол картасына қатысты басымдықтарды айқындап, тиісті тапсырмалар бердік. Сапар аясында қол қойылған құжаттар тау-кен өндірісі, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен жаңа технологиялар саласындағы екіжақты қарым-қатынастарды қамтиды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы екі елдің өзара ықпалдастығының негізгі бағыттары туралы әңгімеледі.

– Біз Иран кәсіпкерлерін Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы жобаларын жүзеге асыруға қатысуға шақырамыз. Олардың тарапынан қазірдің өзінде қызығушылық бар. Тағы бір маңызды мәселе – көлік-транзит саласын дамыту жайы. Қазақстан – Түрікменстан – Иран бағытындағы теміржолдың  ашылуына байланысты біздің еліміздің бидай экспортының көлемі 5 есе ұлғаятын болады. Сондай-ақ бұл қатынас жолы 10 миллион тонна жүк жеткізуге мүмкіндік тудырады. Осы жол арқылы Иран – Ресей мен Қытай нарықтарына, ал біздің еліміз өз кезегінде Парсы шығанағындағы барлық мемлекеттерге шығуға мүмкіндік алады. Биылғы қараша айының басында ашылуы жоспарланып отырған осы магистраль екіжақты және өңірлік сауда-экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге зор серпін береді, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев салынып бітуге таяған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің артықшылықтарын да Иранның пайдалана алатынын, оның бұл елге Қазақстан арқылы Қытай мен Ресей нарықтарына шығуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қазақстан Президенті өзге де негізгі салалар бойынша қарым-қатынасты дамытудың маңызды екенін айтты.

– Иран тарапының қатысуымен бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылатын болады. Атап айтқанда, Қызылорда облысында – әйнек, Қостанай облысында – глинозем өндіру, Қарағанды облысында гидрометаллургия зауыттарын салу жобалары қарастырылады. Өзге де маңызды тақырыптар қатарында мұнай бойынша  SWAP-операцияларды іске асыру, өңіраралық, сондай-ақ ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту, ақпарат саласындағы өзара ықпалдастықты жандандыру істері бар, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев кездесулер аясында бірқатар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасылғанын айтты. Атап айтқанда, Ирактағы, Сириядағы, Израиль мен Палестинадағы ахуал, сондай-ақ иранның ядролық бағдарламасы мәселесі бойынша мемлекеттер «алтылығы» мен Иран арасындағы келіссөздер үдерісі  сөз болды. Соған орай Қазақстан Президенті Иранға қатысты санкциялардың алынып тасталуы Иран халқының әл-ауқатының артуымен қатар, осы елдің экономикасы мен саудасының ұлғаюына да оң ықпалын тигізеріне сенім білдірді. Мемлекет басшысы  біздің еліміз осындай келіссөздер жүргізу үшін тағы да қажетті алаңды ұсынуға дайын екенін білдірді.  

Қазақстан Президенті еліміздің халықаралық бастамаларын Иран тарапының қолдауы маңызды екенін де айтты.

– Біз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдары тұрақты емес мүшесі болуға ниеттіміз және осы мәселеде Иранның қолдауын ризашылықпен қабылдаймыз. АӨСШК үдерісінде Иран белсенді қатысушы болып саналады. Мен Иран тарапын Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға шақырдым. Біз Иран Президентімен бірге Душанбеде өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің отырысына, сондай-ақ 29 қыркүйекте Астраханьда болатын Каспий маңы мемлекеттері басшыларының төртінші саммитіне қатысамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы кең құрамды Иран делегациясының сапары және қол қойылған құжаттар екі елдің өзара қарым-қатынастарын мүлде жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретіндігіне сенім білдірді.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Х.Руханиға және бүкіл Иран халқына табыс тіледі.  

Иран Президенті Х.Рухани өз кезегінде Қазақстанға шақырғаны үшін Елбасына алғысын айтты.

– Бұл біздің пікір алмасуға мүмкіндіктер туғызатын, Иранда жаңа Үкімет өз жұмысын бастағаннан кейінгі төртінші кездесуіміз. Бүгін екі ел министрлерінің қатысуымен тиянақты келіссөздер өтті. Біз экономика, мәдениет, ғылым, туризм, сондай-ақ экстремизммен күрес салаларындағы екіжақты қатынастардың барлық мәселелерін қозғадық, – деді Х.Рухани.

Иран Президенті Қазақстан мен Иранды Түрікменстан арқылы жалғайтын жаңа теміржолдың маңыздылығын атап өтті.

Х.Рухани тараптардың Кеден одағы мен Иранның ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ мәдени, ғылыми, технологиялық, білім беру және туристік салалардағы өзара ықпалдастықты да талқылағанын айтты.

Иран Президенті екіжақты ынтымақтастықтағы маңызды салалардың бірі энергетика екендігіне тоқталды.

– Иран да, Қазақстан да мұнай мен газдың ауқымды қорына ие. Біз тәжірибе алмасып, өзара инвестициялар сала аламыз. Сондай-ақ SWAP-операцияларды жүзеге асыру саласында да тығыз ынтымақтастықты дамытуға болады, – деді  Х.Рухани.

Иран Президенті кездесу барысында өңірлік және халықаралық мәселелер де қозғалғандығына тоқталды.

– Біздің өңірде Ауғанстаннан бастап Иракқа, Сирияға, Ливанға, Палестинаға дейін бірқатар мәселелер бар. Осы проблемаларды еңсеріп, өңірде орнықты тұрақтылық орнату үшін барлық елдердің бір-бірімен ынтымақтасқаны жөн. Біз сондай-ақ Иранның бейбіт ядролық бағдарламасына қатысты Иран мен «алтылық» арасындағы келіссөздер мәселесін де талқыладық. Біз осы келіссөздердің болашағына қатысты ұстанымдарымызды айттық және Қазақстан Президенті  осы және басқа да бірқатар мәселелер бойынша Иранды қолдады, – деді Х.Рухани.

Ол сондай-ақ Иранның Қазақстанды жақын дос әрі тату көрші санайтынын да айтты.

– Біз екі елдің арасындағы тауар айналымы бес есеге ұлғаюы тиіс деп есептейміз. Бүгін бірқатар шешімдер қабылданды, солардың нәтижесінде осындай межеге жете аламыз. Біз Каспий теңізіне қатысты да тыңғылықты келіссөз жүргіздік. Бұл орайда, Қазақстан Президентінің мәлім еткеніндей, Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржолының қараша айында жұмыс істей бастауы маңызды мәнге ие, – деді Х.Рухани.

***

Сапар аясында Қазақстан мен Иран Президенттерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданды, сондай-ақ төмендегідей бірқатар үкіметаралық келісімдерге қол қойылды:  

- ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ИИР Сыртқы істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы бесжылдық бағдарлама;

- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Иран Ислам Республикасы Үкіметі арасындағы жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалы туралы келісім;

- Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасы. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару

Заңдар

2024 жылғы 22 қараша

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

2024 жылғы 28 қараша

Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

Жарлық

2024 жылғы 15 қараша

Мемлекет басшысының жарлықтарымен:


Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің