Қазақстан Президенті өткен келіссөздер барысында екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын әсіресе қазіргідей 400 миллион доллар шамасындағы өзара тауар айналымы көлемінің жеткіліксіздігі жағдайында жандандыра түсу мәселесі басты тақырып болғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Ауғанстанға 600 мың тоннадан астам Қазақстан астығын жеткізуге, сондай-ақ жол салу, құрылыс материалдарымен, локомотивпен және вагондармен қамтамасыз ету ісінде көмек көрсетуге қатысты уағдаластықтарға қол жеткізілгенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Ауғанстанды қиын кездерде әрдайым қолдағанына тоқталды. Атап айтқанда, 2002 жылдан бастап 20 миллион доллардың азық-түлігі жеткізілді, құқық қорғау органдарының қызметін нығайту үшін қаражат аударылды және ауған студенттерінің біздің елде білім алуы үшін 50 миллион доллар бөлінді.
Біз Ауғанстанның дамуын қамтамасыз ету үшін қолдан келетін көмекті жалғастыра береміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Ауғанстанның жер қойнауы пайдалы қазбаларға бай екеніне және геологиялық барлау жұмыстарына тартылуы мүмкін мамандардың біздің елде бар екеніне назар аударды.
Мемлекет басшысы келіссөздер аясында екі елдің тиісті қызметтерінің терроризмге қарсы күресте өзара ықпалдасу мәселелері талқыланған айтты.
Қазақстан мен Ауғанстан көшбасшыларының халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастық мәселесіндегі мүдделерінің үндесетіні де атап өтілді.
Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы дамыту және халықтың әл-ауқатын тыныштық пен өзара келісім негізінде арттыру екі ел үшін де негізгі басымдық болып саналатынына назар аударды.
Елбасы Ауғанстан Президентінің біздің елге сапары екіжақты қарым-қатынастарға пайдасын тигізіп, ынтымақтастықты жоғары деңгейге шығаруға ықпал ететініне сенім білдірді.
М.Ғани өз сөзінде Ауғанстанның Қазақстанмен және жалпы Орталық Азия елдерімен ынтымақтастыққа мүдделі екенін растайтынын атап өтті.
Ауғанстан Президенті өзі басқарып отырған елге «Қазақстан жолы» тұрақтылықты нығайту және экономиканы дамыту ісінде үлгі болатынын айтты.
Ауған тарапының екі елдің сауда-экономика, көлік, инвестиция және азық-түлік салаларындағы ынтымақтастығы іс жүзінде табысты болады деп үміттенетіні де атап өтілді.