Қазақстан Президенті өз құттықтауында Фелипе VI-нің әкесі Хуан Карлос I-нің жүргізген сындарлы саясаты арқасында Қазақстан мен Испания арасында өзара тиімді әрі толыққанды ынтымақтастық қалыптасқанын атап өткен. «Испания біздің еліміз үшін бүгінде Еуропадағы сенімді дос және стратегиялық серіктес болып саналады. Сіздің қолдауыңызбен Қазақстан мен Испанияның жан-жақты ықпалдастығы аясын тереңдету үрдісі жалғасын табатынына ерекше үміт артамын», – делінген жеделхатта. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қалыптасқан игі қарым-қатынастар жалғасатынына сенім білдіре отырып, Испания Королін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Фелипе VI-ге сарқылмас қуат пен зор табыс, ал достас Испания халқына бақ-береке тіледі.