Жеделхатта В.Двуреченскийдің қайтыс болғаны туралы хабарды Мемлекет басшысының қайғыра қабылдағаны атап өтілген. Нұрсұлтан Назарбаев Валентин Ивановичтің еңбектегі өзінің бүкіл өмірін ауыл шаруашылығы саласына арнағанын, агрономнан Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы, республиканың ауыл шаруашылығы министріне дейінгі жолдан өтіп, отандық агроөнеркәсіп кешені секторының дамуына елеулі үлес қосқанын атап айтқан. «Оны ылғи да жоғары кәсіпқойлық, өз ісіне адалдық, Отанымыздың шынайы патриоты секілді қасиеттері даралап тұратын. В.Двуреченскийдің еңбегі «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары атағымен және басқа да көптеген мемлекеттік наградалармен бағаланды. Оның жарқын бейнесі марқұмды білетіндердің бәрінің жадында мәңгі қалады», – делінген жеделхатта.