Жиында Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ашықтық пен үздік жетістіктерге бейімделу қажеттігін айқындап бергенін айтты.
Г.Әбдіқалықова ғалымдар, өндіріс жаңашылдары, ғылыми-техникалық зиялы қауым өкілдері ел экономикасын дамытуға, ұлттың зияткерлік әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.
– Әлем бүгінде жедел өзгеруде. Жоғары технологиялар, тың ғылыми жаңалықтар, ғылымды қажет ететін озық өндірістер – осының барлығы әлем елдерін өзгерістерге бейімделіп, инновациялық жобаларды инвестициялауға, бәсекеге қабілетті болуға жетелейді. Сондықтан ғылым мен техниканың дамуына тұрақты түрде қаржы бөліп отыратын мемлекеттер өз халқының әл-ауқатын жақсартып, жаһандық инновациялық трендтен қалыспайтын болады, – деді Мемлекеттік хатшы.
Г.Әбдіқалықова Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығы ғылым мен техника қайраткерлерінің еңбегіне қоғам мен мемлекет тарапынан берілген жоғары баға екенін атап өтті. Екі жылда бір рет 7 сыйлыққа дейін беріледі. 2017 жылы мемлекеттік сыйлық лауреатына берілетін қаржылай бір сыйақы мөлшері – 18 600 000 теңге. Сыйлыққа барлығы 24 жұмыс ұсынылған. Алдын ала іріктеуден кейін солардың 11-і екінші кезеңге өтті.
Отырыстың қорытындысы бойынша Комиссия Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2017 жылғы мемлекеттік сыйлығын беру үшін Мемлекет басшысының қарауына ұсынылатын жұмыстардың тізімін айқындады.
Қазақстан Республикасының Президенті әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықты Тәуелсіздік күні қарсаңында тапсырады.