Қазақстан Президенті орман алқабының аумағын тікұшақпен аралап көріп, «Балқарағай» демалыс аймағында орналасқан этноауылда болды, сондай-ақ «жасыл аймақты» дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен оны одан әрі көгалдандыру жоспарлары туралы хабардар болды.
Кеңесте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев есеп берді. Вице-министрдің мәліметіне сәйкес, бүгінде 1997 жылдан бастап отырғызылған орман алқабының көлемі 80 мыңға жуық гектарға жетті.
Е.Нысанбаев отырғызылған көшеттердің жағдайына ұдайы мониторинг жасап, республикамыздың кәсіби ұйымдарының қатысуымен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу Астана қаласы маңында «жасыл желекті» қалыптастыруды қамтамасыз ететін негізгі шара болып саналатынын айтты.
Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Жақсыбеков, Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев, Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин, Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов та қатысты.
***
Жасыл аймақты қалыптастыру туризм мен рекреацияны дамытуға септігін тигізеді. Бүгінде 10 орман пайдаланушыға «Жасыл Аймақ» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мемлекеттік орман қоры аумағынан мәдени-сауықтыру және рекреациялық мақсатпен орманды ұзақмерзімді пайдалануға учаскілер берілген.
Сондай-ақ, Астана қаласының шетінде елорда тұрғындары мен қонақтарының демалуы үшін Қосшы мен Ильинка кенттері арасында велосипед жолы салынды. Бұл жаңа технологиялық стандарттарға сай салынған және ұзындығы 23 шақырымды құрайтын әрі орманды жерде орналасқан ел аумағындағы бірден-бір велосипед жолы саналады. Қала әкімшілігі Астана айналасындағы велосипед жолы желісін 258 шақырымға дейін ұзартуды жоспарлап отыр.