Кездесу барысында Мемлекет басшысы экипаж мүшелерін аман-есен оралуымен және Халықаралық ғарыш стансасындағы маңызды миссияларының аяқталуымен құттықтады.
– Біз ұшу барысын бақылап, әрқайсыңыз үшін алаңдап отырдық. Әрине, қазақстандықтар ел тарихындағы үшінші ғарышкер болған Айдын Айымбетовтің тілеуін тіледі. Оның әлемдегі алғашқы және ірі ғарыш айлағы – Байқоңыр құрылысының басталғанына 60 жыл толғанда ғарышқа ұшуы да айшықты оқиға, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті нақ осы Байқоңырдан алғаш рет ғарышқа адам ұшқанын, содан бері Қазақстанның жерінен тартылыс күшін еңсеріп ұшқандардың бәрін отандастарымыз жақын дос ретінде қарсы алатынын атап өтті.
Экипаж мүшелері Г.Падалка және А.Могенсен миссияларының жемісті аяқталғанын айта келіп, бүкіл Қазақстан халқын айшықты оқиғамен құттықтады.
А.Айымбетов еліміздің атынан Халықаралық ғарыш стансасында өкілдік ету мәртебесін сеніп тапсырғаны үшін Мемлекет басшысына және Қазақстан халқына алғыс айтты.
БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде әлемдегі 200-ден аса мемлекеттің тек санаулысы ғана азаматын ғарышқа аттандыра алатынын айта келе, Қазақстанның ғарыш саласы табысты дамып келе жатқанын атап өтті.
– Роскосмос пен Ресей Федерациясы басшылығының қолдауымен біз ғарышкерлер даярлауды жүзеге асырамыз. Бүгінде Қазақстанның жер серіктері маңызды коммуникациялық және ғылыми-зерттеу қызметтерін атқаруда. Полковник Айымбетов сапар барысында өзіне жүктелген барлық міндетті орындады. Осы мақсатқа бөлінген қаражат ұзақмерзімді келешекте өзін ақтайды және іс жүзінде зор пайда әкелетін болады, – деді Қазақстан Президенті.