Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханимен, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен бірге Ақтау қаласының теңіз жағалауы арқылы өтетін жаңа нысанды – «Жартас жолын» аралап көрді. Бұл көрікті жерде петроглифтер бейнелеген, сондай-ақ мұнда жаяу жүргіншілерге арналған орындар, теңіз көрінісін тамашалауға арналған алаңдар мен табиғи үңгір орналасқан. Мемлекеттер басшылары бірлесіп, қолдан өсірілген 500 ақсерке балығын теңізге жіберді. Сонымен қатар, елдер көшбасшылары шығыс ертегілерінің желісіндегі театрландырылған би қойылымын тамашалады.