National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Алматы қаласына жұмыс сапарымен барды

2017 жылғы 25 тамыз

Сапар барысында Гүлшара Әбдіқалықова 2016 жылы қаланың 1000 жылдығына орай ашылған Алматы мұражайында болды. Мұражай қаланың ірі ғылыми және мәдени орталығы болып саналады. Оның экспозициясы тақырыптық 11 залда орналасқан. Олар: «Алматының ежелгі тарихы», «Орта ғасырдағы Алматы тарихы», «Қазақ мемлекеттілігінің бастауында», «Жетісу этнографиясы», «Алматының Верный кезеңіндегі тарихы», «ХХ ғасырдағы Алматы», «Мәдениет пен өнердің дамуы», «Альпинизм тарихы», «Желтоқсан», «Алматы және Елбасы», «Бейбітшілік пен келісім моделі» залдары.

Содан кейін Мемлекеттік хатшы 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қойды. Ескерткіш Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді іске асыру аясында 2017 жылғы 31 мамырда «Қарағайлы» саябағында ашылған. Монумент өнері саласындағы жаңа құрылыстарды орнату жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен 20-дан астам жұмыстың арасынан биіктігі төрт метр, қола мен граниттен жасалған, сәбиін бауырына басып тұрған ана бейнеленген ескерткіш таңдап алынды.

Сапар соңында Мемлекеттік хатшы «Алматы Көк-Төбе Оpera – 2017» халықаралық фестиваліне қатысты. Іс-шарада Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театры симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен еліміздің үздік солистері мен әлемнің опера және балет жұлдыздары өнер көрсетті.

Алғашқы фестиваль 2016 жылы Алматы қаласының 1000 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылды. Биыл фестиваль «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне және «Қала күні» мерекесіне орайластырылып отыр.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің