Сапар аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты халықаралық жобасының Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шараларында болды.
Іс-шараларға, сондай-ақ облыс әкімі Б.Сапарбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Л.Прокопенко, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, отандық және шетелдік сарапшылар, ғылыми зиялы қауым, қуғын-сүргінге ұшырағандар мен депортацияланғандардың ұрпақтары қатысты.
1932-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін кезінде Қазақстанда 2 миллионға жуық адам қаза болып, 600 мыңнан астам қазақ елден босып кетті, 100 мыңнан астам адам сотталып, 25 мыңға жуығы өлім жазасына кесілді.
Баурайында қуғын-сүргінге ұшырағандар жерленген Түйетөбе қыратындағы митингті ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Әрбір халық тарихтан өзінше тағылым алады» деген сөзін атап өтті.
– Біздің халық тоталитарлық режімнің бүкіл сұмдығын өз басынан өткерді. Тарихтың бұл қасіретті кезеңдері жұрт жадында әрдайым сақталады, – деді Мемлекеттік хатшы.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің ашылу рәсімінде сөйлеген Гүлшара Әбдіқалықова зұлмат жылдарда республика басшылығында болғандардың бәрі дерлік, яғни 650 адам атылып, 2 миллионға жуық адам ГУЛАГ-тың 11 лагеріне қамалғаны жөнінде айтты.
Одан соң Мемлекеттік хатшы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Рухани жаңғыру жолындағы тарих тағылымы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысты.
Гүлшара Әбдіқалықова өз сөзінде тарихи жадыны сақтау бағытында елімізде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтіп, ақталған азаматтарға көмек көрсету шараларына қатысты Президент жарлығы, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң қабылданғаны, Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды жүйелі іздестіру және зерттеу бағдарламасы іске асырылып, 340 мыңнан астам азаматтың ақталғаны, 14 «Боздақтар» кітабы басылғаны, «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы, «Мемориал» халықаралық қоғамы және басқа да қоғамдық ұйымдардың белсенді жұмыс істеп жатқаны және бүкіл ел бойынша 66 ескерткіш орнатылғаны жөнінде айтты.
Бұл күндері Қазақстанның барлық өңірінде 4 мыңға жуық еске алу іс-шарасы өткізілетін болады.