Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған іс-шараға Қарағанды облысының әкімі Е.Қошанов, Парламент депутаттары, Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысы республикалық штабының мүшелері, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, әскери-патриоттық клубтардың, республикалық «Жас Ұлан» мектебінің және облыстардағы әскери мектеп-интернаттардың 600-ден астам тәрбиеленушісі қатысты.
Г.Әбдіқалықова Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Мемлекет әрдайым өз қауіпсіздігін және шекарасының беріктігін ойлауға тиіс» деген сөзіне назар аударды.
– Сондықтан, әрбір қазақстандық әрдайым жауапты әрі мәртебелі миссияға – туған елін, Қазақстанымызды қорғауға дайын болуы керек деп санаймын. Бұл – кез келген азаматтың қастерлі борышы ғана емес, ең алдымен, Отан қорғау жолында мәңгілік даңққа, халық сүйіспеншілігіне бөленген бабаларға, әкелеріміз бен аталарымызға деген тағзым мен құрметтің белгісі, – деді Мемлекеттік хатшы.
Ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бөлімшелері жас патриоттарға әскери өнердің қимыл-әрекеттерін көрсетті.
Қарулы Күштер құрамына кіретін әскер түрлері өкілдерінің жиынға қатысушылармен «Ұлы дала әскері – «Мәңгілік Ел» тірегі!» атты тақырыптағы интерактивті кездесуі, сонымен қатар, «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны, робот техникасы бойынша «Менің роботым» конкурсы, алау түбінде «Айбын жалыны» атты қызықты кеш, спорттың әскери-қолданбалы түрлерінен және жауынгерлік дайындық пәндерінен көптеген сайыстар ұйымдастырылды.
Тәрбиеленушілер «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны аясында әскери дайындық мектебінен өтіп, әскери техниканың және Қазақстан әскеріндегі қару-жарақтың заманауи үлгілерімен танысты.
Соңында Мемлекеттік хатшы жиынға қатысушыларға сайыстардың жақсы өтуіне, әрдайым рух сергектігі мен ерік-жігерлерін көрсетуіне, ешқашан жеңістен үміт үзбей, Қазақстанның нағыз патриоттары болуына ниеттестігін білдіріп, толағай табыс тіледі.