National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведевпен кездесті

2015 жылғы 29 мамыр

 

Кездесуде Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының негізгі бағыттары кең ауқымды ынтымақтастық аясында қарастырылды. Сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер де қозғалды.

Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақтың жұмыс істей бастағанына, оған зор үміт артылып отырғанына назар аударды.

– Тауар айналымы төмендеуінің өзіндік себептері бар. Бұл ретте еркін сауданы дамыту, капиталдар мен еңбек ресурстарының кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету, өзара инвестициялар, бірлескен кәсіпорындар құру сияқты негізгі бағыттар бойынша жұмыстар жалғасуда. Осының бәрі уақытында жемісін беретініне сенімдімін. Мемлекетаралық және үкіметаралық сипаттағы қалған мәселелердің бәрі тұрақты байланыстар аясында шешімін табады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығының қорытындысы бойынша 770 кәсіпорын құрылғанын, олардың экономика өсіміндегі үлесі 1,5 пайызды құрайтынын атап өтті. Мемлекет басшысы елде жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық даму бағдарламасы да қосымша 1 пайыздық өсімді қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты.

– Осылайша біз рецессияны болдырмай, жаһандық экономикадағы қазіргі қиындықтарға төтеп беру ниетіндеміз. Нарықтық экономикада мұндай өрлеу мен құлдырау ара-тұра болып тұрады. Сондықтан оларды еңсеруді үйрену және даму үшін жұмыс істеуді жалғастыру маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Д.Медведев Президент В.Путиннің сәлемін жеткізді және Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен тағы да құттықтай отырып, Елбасына сайлаудан кейін Ресейге сапарлап келгені үшін алғыс айтты.

Ресей Үкіметінің төрағасы екі елдің мақсаттары Еуразиялық экономикалық одақты дамытумен байланысты екеніне тоқталды.

– Сіз осы идеяның бастауында тұрдыңыз, қазір ол жүзеге асты. Біз оның айтарлықтай қысқа мерзімде жүзеге асқанына қуаныштымыз, өйткені өзге елдер осындай бірлестікке ұзақ жүріп жеткен. Біздің екіжақты қарым-қатынастарымыз өте биік деңгейде және тауар айналымының аздап төмендегеніне қарамастан, бірқатар жағымды үрдістер бар. Мәселен, Қазақстанның Ресейге экспорты туралы айтар болсақ, ол соңғы уақыттары 20 пайызға ұлғайды, – деді Д.Медведев.

Ресей Үкіметінің төрағасы Қазақстанда қолға алынған бес институционалдық реформа мақсатының өршілдігі мен үйлесімділігіне назар аударып, оны жүзеге асыру ісіне табыс тіледі. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің