Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауы Ұлттық комиссия жұмысына тың серпін бергенін айтты.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президентінің «Заман сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген сөзін атап өтті.
Өскелең ұрпақ бойында жат ұғымдарға қарсы тұра алатын иммунитет қалыптастыру, отбасы құндылықтарын, Қазақстан халқының озық дәстүрлерін дәріптеу маңызды бағыт болып саналады. Бұл істің нәтижелі болуы мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың өзара тиімді іс-қимылына байланысты.
Жиында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының Павлодар және Қызылорда облыстарында орындалу барысы жөнінде мәлімет тыңдалды.
Павлодар облысында өнімді еңбекпен айналысу және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері мейлінше сұранысқа ие 52 жұмысшы мамандығы бойынша 329 әйел (32%) оқытылды. Облыстың ауылдық жерлерінде әйелдер көшбасшылығы мектептерін дамыту жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Маусым айында Баянауыл ауданында осындай тағы бір мектеп ашылды. Павлодар облысы – жергілікті өкілетті органдарындағы әйелдер саны 30 пайызға жеткен еліміздегі 3 өңірдің бірі. Бүгінде олардың саны аудандық мәслихат депутаттары арасында – 29,4%, қалалық мәслихаттарда – 27,3%, облыстық мәслихатта 21,9% болып отыр.
Қызылорда облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 135 іс-шара ұйымдастырылып, оның барысында өңірдің 7 мыңнан астамы жастары қамтылды. Есепті кезеңде жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2136 адам еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіби дайындау курстарына жолданды. Олардың 1500-і, яғни 70,2 пайызы – әйелдер. Оқу курстарын аяқтаған әйелдерді жұмыспен қамту мәселесі тұрақты бақылауда. Сонымен қатар, «Бастау-бизнес» жобасы аясында 320 әйел оқытылды. Олардың 124-не несие берілді, 54 әйел өз кәсібін бастады.
Сондай-ақ, отырыста 2018 жылғы ақпанда БҰҰ-ның салалық комитетіне ұсынылатын Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы конвенцияның орындалу барысы туралы Қазақстан Республикасының кезекті бесінші баяндамасының жобасы таныстырылды.
Жиын соңында Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.