Қазақстан Президенті форумға қатысушылармен амандаса келе, форумның бес жыл қатарынан өткізіліп келе жатқанын, бірегей диалог алаңына айналғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде форумға қатысушылардың талқылауына шығарылған өзекті проблемаларға қатысты өз көзқарасын бөлісті.
- Жаһандық дағдарысқа қарсы жоспар әзірлеу үдерісін жандандыра отырып, соңғы жылдары орын алған бірқатар маңызды нәрселерден сабақ алу қажет. Өткен жылдың аяғында ғана әлемде барлығы да XXI ғасырдағы жаһанданған экономиканың алғашқы жалпыға ортақ дағдарысы тарихтың «жабылып кеткен» беттері екеніне сенімді болды. Көптеген қаржы институттары бізді осыған барынша сендірді. Бірақ тоқмейілсуге жол ашылған жоқ, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Кипрдегі қаржы жүйесінің құлауы жалпыға ортақ экономикалық тұрақтылық кезеңі жақын екеніне күдіктенуге мәжбүр еткенін атап өтті.
- Мен «Кипр оқиғасының» жаһандық дағдарыспен байланысын жоққа шығаратын бағалаулар барын білемін. Бірақ факті факті күйінде қалады. Тіпті экономикадағы ысылмаған адам Кипр банктері мен бес жыл бұрынғы америкалық ипотекалық агенттіктердің құлдырау проблемасының себептері ұқсас екенін оңай айтып береді. Бұл, ең алдымен, қаржы көпіршіктерін жасанды «үрлеу» және «жеңіл жолмен» ақша табуды көксеу, ұлттық қаржы институттарының тиісті жауапкершілігінің болмауы және жаһандық қаржылық басқарудың әлсіздігі, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ұлттық деңгейде қабылданатын дағдарысқа қарсы қолданылған шаралардың өзі жаһандық құлдырауға алып келетінін атап өтті.
- Кез-келген дағдарыс кезеңінде іс-әрекетсіз қалғаннан іс-қимыл жасаған жақсы екені сөзсіз. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан да Дағдарысқа қарсы табысты бағдарламаны жүзеге асырды. Ол жұмыс орындарын және экономикалық өсімнің оң қарқынын сақтап қалуға мүмкіндік туғызды. G-20 тобы аясында әзірленген дағдарысқа қарсы ұсыныстың барлығы бірдей іске асқан жоқ. Мәселен, көптеген мемлекет протекционистік шараларды жүзеге асырды. Бұл әлемдік сауда өсімі қарқынының бәсеңдеуіне, жаһандық және өңірлік рыноктарда бағаның төмендеуіне алып келді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Жаһандық дағдарысқа қарсы жоспармен жұмыс жасау кезінде сенім жетіспеушілігін еңсеруге байланысты аспектіні ескеру маңызды екеніне тоқталды.
- Мен жаһандық дағдарыс, ең алдымен, сенім дағдарысы екендігі туралы пікірге толық қосыламын. Жаһандық қаржы институттары мен ұлттық мемлекеттер арасында, қаржы секторы субъектілері мен нақты экономика арасында, елдер және басқалар арасында сенім жоқ. Мен жалпыға ортақ сенім болмаса, дағдарысқа қарсы кез-келген жоспар тек іс жүзінде кезекті «жыртықты жамау» сияқты ғана болатынына сенімдімін, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев қаржы секторы жаһандық болсын, ұлттық деңгейде болсын, нақты өндірістен тысқары дамуға тиіс емес екеніне тоқталды.
Қазақстан Президенті қазіргі жаһандық дағдарыстың кең ауқымды қамтитынын атап өтті.
- Мен оны жаһанданған әлемнің алғашқы жалпыға ортақ дағдарысы деп бекер атаған жоқпын. Оның барысы мен қарқынын экономикалық қана емес, сондай-ақ, саяси, гуманитарлық және адамгершілік-құндылық сипатындағы себептер анықтайды. Бүгінде, мысалы, ұдайы халықаралық көмек алушы елдердің қатары көбеюіне байланысты туындайтын проблемаларды көрмеу мүмкін емес. Таяу Шығыстағы және Солтүстік Африкадағы ішкі дау-дамайлар әлемдік экономикаға ауыр соққы болып тиюде. Бірақ «әлемдік экономикалық өртке» саяси тұрақсыздықтың «бүкіләлемдік тасқыны» арқылы тосқауыл қою мүмкін емес, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы XXI ғасырда жаһандық экономиканың жаңа түрі пайда болатынын, халықаралық қатынастардың жаңа қағидаттары мен қоғамдық өмірдің жаңа құндылықтары беки түсетінін, сондықтан жаһандық проблемалардың сенімді шешімін табу маңызды екенін атап көрсетті.
Нұрсұлтан Назарбаев сөз соңында Астана экономикалық форумына қатысушылар мен Дағдарысқа қарсы бүкіләлемдік конференция делегаттарына талқылауларды жемісті өткізулеріне және жаңа ұсыныстар әзірлеуде табыстарға жетулеріне тілектестігін білдірді.
Сонымен қатар, форумда БҰҰ Бас Ассамблеясы 67-ші сессиясының төрағасы В.Еремич, Бұрынғы Югославия Македония Республикасының премьер-министрі Н.Груевский сөз сөйледі және БҰҰ Бас хатшысы П.Ги Мунның үндеуін БҰҰ Бас хатшысының экономика және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары У.Хунбо оқып берді.
Сондай-ақ, БҰҰ Экономика және әлеуметтік кеңесінің төрағасы Н.Осорио, Еуразия экономикалық комиссиясы алқасының төрағасы В.Христенко, БҰҰ сауда және даму жөніндегі конференциясының бас хатшысы С.Панитчпакди, Фиджи аралдары республикасының сыртқы істер министрі, Қытай және 77 тобының төрағасы Р.Кубуабола, Ислам даму банкі тобының президенті А.Аль-Мадани және Колумбия университетінің профессоры, экономика бойынша 1999 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Р.Манделл әлемдік экономиканың өзекті проблемаларын шешуге қатысты өз көзқарастарын ортаға салды.