Кеңеске Сенат төрағасы, Премьер-Министр және оның орынбасарлары, Президент Әкімшілігінің Басшысы және оның орынбасарлары, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты.
Отырыс барысында мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыру, рухани жаңғыру мәселелері талқыланып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есептер тыңдалды.
Алғашқы сөз Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге берілді. Ол «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», Индустриялық-инновациялық даму, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларының іске асырылу барысы туралы есеп берді.
Қазақстан Президенті Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының баяндамасын тыңдап, Үкімет тарапынан мән беруді қажет ететін мемлекеттік бағдарламалардың жекелеген индикаторлары мен көрсеткіштеріне тоқталды.
– Соңғы 2 жыл бойы «Арнайы экономикалық аймақ аумағында тауарлар өндіру мен көрсетілетін қызметтер көлемі» көрсеткіші орындалмай отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы халыққа арзандатылған ипотекалық несие және құрылыс салушыларға жеңілдікпен несие беру мүмкіндіктерін қарастырады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы шикізаттық емес экспорт және Индустрияландыру картасы аясындағы жобаларды іске асырумен байланысты мәселелерге Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбектің назарын аударды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыру мәселелері мен атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің тетіктеріне тоқталды.
Күн тәртібіндегі бұл мәселені талқылау аяқталған соң, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының іске асырылуы туралы Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Мырзахметов баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев А.Мырзахметов келтірген мәліметтерді назарға алып, проблемалық агрохолдингтерге қатысты Үкіметтің қабылдап жатқан шаралары және егін ору жұмыстарына дайындық нәтижелері жөнінде сұрады.
Бұдан бөлек, кеңесте «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мәселесі бойынша Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжиннің және еліміздегі цифрландыру мәселесі бойынша Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың есептері тыңдалды.
Сонымен бірге күн тәртібіне сәйкес, өңірлерді дамыту мәселелері талқыланды. Алғашқы болып Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев сөз сөйледі. Қазақстан Президенті елордадағы көлік жүктемесінің проблемаларына, балабақша мен мектептерде орындардың жетіспеушілігіне назар аударды.
Ә.Исекешевтен кейін сөз Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке берілді. Мемлекет басшысы қаланың экономикасына шағын және орта бизнесті тарту және инфрақұрылым салу үшін жерді және баспананы алу үдерісіне қатысты мәселелерге тоқталды.
Бұдан соң Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин есеп берді. Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өндіретін кәсіпорындар жүктемелерінің төмен екенін айтып, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өңірдің туристік кластерін дамытуға қаражат қарастыруды тапсырды.
Елбасы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың баяндамасын талқылау барысында кеңеске қатысып отырған облыс басшыларына бірқатар әлеуметтік және экономикалық жобаларды іске асыруда осы өңірдің тәжірибесін қолдануды ұсынды.
Алматы облысының дамуы жөнінде өңір әкімі Амандық Баталов баяндады. Қазақстан Президенті Алакөлдің туристік инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығына назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың есебін тыңдап, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновке сөз берді.
Мемлекет басшысы облыста инвестиция көлемінің 21%-ға төмендегенін айтып, өңірге инвесторлар тарту жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажет екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Қарашығанақ санитарлық-қорғау аймағын кеңейтуге байланысты Березовка ауылының тұрғындарын уақтылы әрі толық көшіру мәселесі талқыланды.
Одан кейін Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың есебі тыңдалды. Қазақстан Президенті облыстағы шағын және орта бизнес өнімі көлемінің төмендегеніне тоқталып, тұрақты нәтижелі жұмыспен қамтуды арттырудың маңыздылығына назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасаған Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановқа Қаражал, Жәйрем кенттерінің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды.
Елбасы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің баяндамасын талқылау барысында өңірдегі бала өлімі проблемаларына назар аударды.
Сондай-ақ, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндама жасады.
Нұрсұлтан Назарбаев облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің баяндамалары мен есептерін тыңдап, отырысты қорытындылады. Сонымен қатар, елімізді және өңірлерді дамыту бағдарламаларын іске асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.
Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасын орындау тұрғысынан облыстардағы автомобиль жолдары мен әлеуметтік нысандар құрылысының қарқыны төмен екенін атап өтті.
– Биыл 109 білім беру нысаны құрылысына 70 миллиард теңге бөлініп, оның 70-сін осы жылы пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінде тек 7 мектеп пен 2 балабақша пайдалануға берілді. Жоспарланған білім беру нысандарының көп бөлігі Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарына тиесілі. Үкімет пен өңірлердің әкімдеріне жоспарланған барлық нысандарды уақтылы қолданысқа енгізу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша тұрғындардың көп бөлігінің хабарсыз екенін және оған банктердің қатысу белсенділігінің төмендігін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске асырылуының аралық қорытындысын жасады, сондай-ақ экономикамызды цифрландырып, өндіріске жаңа технологияларды енгізу қажеттігін атап өтті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытудың маңыздылығына назар аударып, экспорттық стратегияны уақтылы іске асыру қажет екенін айтты.
– Индустрияландыру аясындағы басты мәселе – инвестиция тарту. Инвесторлар әлі де әкімшілік кедергілерге тап болуда. Әкімдер өңірлердегі өз жұмыстарын қайта қарап, белсенді қимылдауға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы инвесторлар тартуда Жекешелендіру жоспарын іске асырудың тиімді екенін айтып, Қазақстанның ірі компанияларын мемлекетке мейлінше пайда түсірмейінше, акцияларын асығыстықпен сатпауға шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев жұмыспен қамту бағдарламасының тиімділігін арттыру қажеттігіне назар аударып, әкімдерге өңірлерде тұрақты жұмыс орындарын ашу жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы биыл жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 37 миллиард теңге бөлінгеніне қарамастан, шағын несие беру жұмыстарының баяу жүргізіліп отырғанын атап өтті.
Қазақстан Президенті Үкімет пен әкімдерге ахуалды терең зерттеп, агрохолдингтердің қарызына байланысты мәселелерді шешу жөнінде нақты шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.
Елбасы егін шаруашылығын сақтандыруды одан әрі дамыту, соның ішінде өзара сақтандыру қоғамдарының жұмысын реттеу жөнінде шаралар қабылдаудың маңыздылығын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мәселесіне ерекше тоқталып, онда көрсетілген барлық міндеттің жалпымемлекеттік маңызы бар екенін атап өтті.
– Қоғамымыз жаңғырудың бұл бағытын жылы қабылдады. Бұл ретте, осы жұмыстарға барша жұртты тарту қажет. Әкімдер бағдарламаның іске асырылуына жауапты екенін ұмытпауы керек, – деді Қазақстан Президенті.